Криптовалюта құлдырады

Криптовалюта нарығы соңғы күндері қатты құбылып тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кеше ғана биткоин бағасы 30 процентке төмендеп кетті. Артынша өзге цифрлық валюталар да бірінен соң бірі арзандай бастаған. Жұрт криптоақшаны жаппай сата бастаған соң Binance пен Коинбэйз криптобиржаларында техникалық ақау шықты. Сөйтіп сауда тоқтап қалды.

Криптовалютаның құны түсіп барады. Виртуалды ақшаның арзандауына Қытайдың аталған валютаны төлем құралы ретінде пайдаланудан бас тартуы себеп. Бұл шешімнің нарыққа әсер еткені сонша, қазір бір биткоинның бағасы 40 мың доллардан төмендеді. Осыдан бір ай бұрын ғана ол 65 мың доллар шамасында саудаланған еді.

Дай Сяобо, сарапшы:

– Қытайдың криптовалютаны заңдастырмауының себебі – оны толыққанды бақылауда ұстау мүмкіндігінің жоқтығында . Қандай да бір ауытқу бола қалса, бүкіл ел экономикасы мен қаржы нарығы зиян шегеді. Сонымен қатар ақшаның ізін жасыру, жасырын сауда секілді қауіптер де бар. Импорт пен экспорт кезінде салықтан жалтару үшін жасалуы мүмкін алаяқтық әрекеттер де кездеседі.

Криптоақшаның күрт арзандауына түрткі болған тағы бір жайт – Илон Масктың мәлімдемесі. Тесла өнімдерін енді биткоин арқылы сатамыз деген кәсіпкер өткен аптада бұл ойынан айнып қалды.

Илон Маск, Tesla компаниясының бас атқарушы директоры:

– Tesla компаниясы Bitcoin арқылы көлік сатуды тоқтатты. Bitcoin өндірісі мен транзакциялары үшін қазба байлықтың, әсіресе көмірді қолданудың жылдам өсетіні бізді алаңдатады. Криптовалюта керемет идея және біз оның болашағы зор деп санаймыз. Бірақ бұл қоршаған ортаға зиян келтіру есебінен болмауға тиіс. Tesla ешқандай Bitcoin сатпайды және онымен байланысты транзакцияларды тұрақты энергияға көшкен кезде ғана қолданбақпыз. Сондай-ақ біз Bitcoin энергиясының 1% ғана қолданатын басқа криптовалюталарды қарастырамыз.

Осы жазбадан кейін биткоин құны 15 процентке төмендеп кетті. Іле-шала криптовалютаға байланысты компаниялардың акциялары да арзандады. Соның салдарынан, криптотрейдерлер қыруар қаржыдан қағылды. Өткен тәуліктің өзінде криптобиржадағы мамандар 8 миллиард доллардан айырылып қалған. Ең көп шығын биткоинға қатысты мәмілелерден туындаған. Санға салсақ, 3,4 миллиард доллар. Екінші орында Эфириум – 2,2 миллиард доллар. Қазір ірі инвестициялық компаниялар биткоиннан бас тартып, алтынға көше бастапты.