Алматы облысында жүгері өңдейтін зауыт салынады

Алматы облысында жүгері өңдейтін зауыт салынады. Тың жобаны қазақ және венгр билігі бірлесіп жүзеге асырмақ. Әзірге кәсіпорын құрылысы қашан басталатыны белгісіз. Бір анығы, сапалы сұрыптарды Венгриядан алдырамыз. Тараптар тағы қандай келісімге келді? 

Елімізге мажарлық министр келген. Алыс-берісті арттырайық деп. Сол мейманды елорда іргесіндегі осы шаруашылыққа алып барды. Сүт өнімдерін қалай шығарып жатқанымызды көрсетті. Олар мұның жөн-жосығын біледі.  Ауыл шаруашлығы саласын әлдеқашан ілгерілетіп тастаған өйткені.

Иштван Надь, Венгрияның ауыл шаруашылығы министрі:

- Біз Қазақстанға сапалы өнім шығаруға көмектескіміз келеді. Бұл салада Венгрияның мол тәжірибесі бар. Қазақ пен мажар бір-біріне бөтен емес. Тамыры бір. Бұл кездесуде соны анық сезіндік. Екі ел алдағы уақытта бірлесіп бірнеше жобаны жүзеге асыратын болды.    

Соның ең ілкімдісі деп, Алматы облысында салынатын зауытты айтуға болар. Жетісу жерінде жүгері өңдейтін кәсіпорын ашылатын болды. Әзірге оның құрылысы қашан басталатыны белгісіз. Бір анығы, шикізатты Венгрия береді.

Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Жемдік жүгері өсіру мәселесі Венгрияда жақсы дамыған. Олардың белгілі тұқымдық сорттары бар. Сол сорттарды біздің елге алып келіп енгізсек деген ойымыз бар.

Тараптар құс шаруашылығын да бірлесіп дамытуды көздеп отыр. Ол үшін арнайы меморандумға қол қойды. Бұл келісім екі ел арасындағы алыс-берісті арттыратыны сөзсіз. Былтыр сауда-саттық көлемі 12 млн долларға жеткен.

Автор: Дастан Сейілханұлы

Сондай-ақ...