Сарыағашта диқандар еккен қызанақты вирус жалмады

Сарыағаштағы қызанақ еккен диқандар қып-қызыл шығынға батты. Себебі «қоңыр қатпарлы вирус» пайда болған. Соның салдарынан өнімді экспорттай алмайды.  Ал ішкі нарық оларға мүлде тиімсіз екен. Қазір сырт елден келетін импорт көлемі ұлғайғандықтан қызанақтың өзіндік бағасы арзандап кеткен.

- Барлық нәрсе қымбаттап кетті, жұмыс күші қымбаттады, тыңайтқыш қымбаттады, коробка қымбаттап кетті. Біз бұрынғы нарықта әлі сатып келе жатырмыз. 

Диқандарға берілетін субсидия тоқтағалы өлместің күнін кешіп жүрміз дейді олар. Өнімді базарға шығарғанда сырттан келген импорт көлемі бағаны төмендетеді. Осы себепті шыққан шығынды толық ақтай алмаймыз ашынған шаруалар. Ал экспорттың жағдайы өңірде мүлде қиындаған.

Шорахим Сайдазимов, диқан:

- Қысымен 600 тонна көмір күйдірдім 1,5 га теплицада. Бұдан басқа 18 млн кредит алдық сол өнімімізді алу үшін. Біздің өнім теплицадан шыққанша орнынан үзілмей тұрып, өз бағасы 350 теңге болып тұр. Қазір бағаның өзін Россияға шығармағаннан кейін 300 теңгеге түсіп кетіп жатыр. Білмеймін неге олай болып жатқанын.

Шаруаларға өнімді экспортқа жөнелтуге тосқауыл болған «қызанақ жемісінің қоңыр қатпарлы вирусы». Өнімге қауіп төндіретін індет аудандағы екі ауылда тіркелген.

Нұрболат Асанбай, аумақтық ауыл шаруашылық инспекциясының өсімдік карантині бойынша инспекторы:

- Енді анықталып жатқан ауру. Емі Қазақстанда жоқ. Сондықтан оны тек ғана жою көзделген. Қазір аудан бойынша Құркелес ауылында екі жылыжайдан анықталды. Олар бойынша жою жұмыстарына нұсқамалар берілді. Ресей федерациясы бұл вирустар анықталған жағдайда өздеріне алып кіруге рұқсат жоқ.

Ал ішкі баға тұрақсыздығынан көптің көңілі жай таба алар емес. Қызанақтың пісіп жетілуі үшін шығынға шаш етектен батқан олар енді жемісін көреміз дегенде тығырыққа тап болдық дейді.

Нұржан Дилишев, диқан:

- Урожайымызда қысымен көмірді жағып, адамды салып, жұмысшыны өзіміздің ауылдастарымызды салып, удобрениені беріп, талай-талай расход бар айта берсем. Электр энергиямыз бар соның бәрін істеп келген уақытта тауарымызды базарға шығарған уақытта Өзбекстаннан тауар кіреді, Түркіменстаннан кіреді, Ираннан кіреді, ШҚО, Қытайдан келеді. Сонда біз не істеуіміз керек!? 

Сарыағаш ауданы аграрлы аймақ. Мұнда 600 гектар жылыжай бар. Интенсивті бау-бақша өндірісіне қолдау көбейгенде жай жылжай кешені тасада қалып қойғаны рас. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі мәселенің түйінін тарқату үшін облыстық басқармаға ұсыныс хаттар жолдапты.

Мадияр Тұрлыбеков, Сарыағаш аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының м.а:

- Ол кісілер біздің ұсынысты жинақтап министрлікке жолдайды. Егер бағдарламаға енетін болса қарапайым жылыжайларға субсидия беріліп, шығындарын төлеп беретінін шешеді.

Диқандар үкіметтен өздеріне назар аударып, қолдау көрсетуін сұрайды. Әйтпегенде ісіміз кері кетіп, жылыжайды сатуға тура келеді дейді. 

Нұрсұлтан Мұхаммеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов