Асқар Мамин ШҚО-ға жұмыс сапары барысында кәсіпорындарды аралады

Үкімет басшысы шығысқа жасаған жұмыс сапары кезінде бірқатар кәсіпорынды аралады.

Асқар Мамин алдымен жаңадан салынып жатқан көлік жолдары құрылысымен танысты. Қазір онда «Талдықорған – Өскемен», «Қалбатау – Майқапшағай» және «Үшарал – Достық» магистральдары төселіп жатыр.

Премьер-министр соларды уақытылы бітіру керектігін айтты. Сосын Аягөз ауданында салынып жатқан сульфидті кен өңдейтін фабрикаға барды. Кәсіпорын келесі жылы қолданысқа беріледі. Іске қосылса, мың жарым адамды жұмыспен қамту көзделген. Асқар Мамин Солнечное ауылына барып, ондағы сүт фермасын аралады. Егіс алқаптарын көрді. Ізін ала Семей қаласындағы күнбағыс тұқымын қайта өңдейтін кәсіпорынды іске қосты. Бұл зауытта тәулігіне мың тонна күнбағыс тұқымын қайта өңдеуге болады. 

Анатолий Добрянский, өндіріс басшысы:

- Зауытта 325 адам жұмыс істейді. Шикізатты жергілікті шаруалардан алатын болып келістік. Бұл өңірдегі ауыл шаруашылығы саласының дамуына ықпал етеді. Дайын өнімдерді экспортқа шығару жоспарда бар. 

Үкімет басшысы Семей ядролық медицина және онкология орталығына да барды. Бұл радиофармпрепараттарды өндіретін, науқастарға радионуклидтік терапия жүргізетін еліміздегі жалғыз орталық. Өңірде өндіріс алғашқы 4 айда 6,7 процент өсім көрсетіпті. Ауыл шаруашылығы да дамып жатыр.