ҚР ҰЭМ: Шетелдік инвестиция көлемі 30% азайды

Былтыр Қазақстанның сыртқы борышы 4 млрд 800 млн долларға өсіп, 163 млрд долларға жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның 63 проценті фирмааралық берешек үлесіне тиесілі. Бұл шамамен 101 млрд доллар. Бірақ аталған көрсеткіш экономикада қарыз емес, фирма филиалдары арасындағы инвестициялық байланыс индексі ретінде есептеледі. Ұлттық экономика министрлігі өткен жылды қорытындылап, өзге де секторларға тоқталды.

Өткен жылы мемлекеттік бюджетке 8 трлн 561 млрд теңге көлемінде салықтық кіріс түскен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 655 млрд теңгеге аз. Оның ішінде республикалық бюджетке 1 трлн 260 млрд теңгеге салық кем түсті. Осы мәселе өткен аптада Парламент Сенатының жалпы отырысында да көтерілген.

Бекболат Орынбеков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– 2020 жылы пандемия және онымен байланысты іскерлік белсенділіктің төмендеу салдарынан республикалық бюджетке түсетін салық түсімдерінің азаюы байқалды. Сіздер салықтық түсімдердің 4,1 бөлігінде 24 процентке өсуін жоспарлап отырсыздар. Салық түсімдердің мұндай өсу болжамы қаншалықты мүмкін?

Әсет Ерғалиев, ҚР ұлттық экономика министрі:

– Біз осы жылы ел экономикасы 2019 жылдың деңгейінде қалыптасады деп болжам жасадық. Сондықтан осындай динамика салық түсімдерінде де болады деп болжануда. Егер 2019 жылмен салыстырсақ, салық түсімдер 101 пайызды құрайды. Сондықтан болжам орындалатын болады деп есептейміз.

Министрдің сөзіне сенсек, биылғы көрсеткіш пандемияға дейінгі деңгейге шығу керек. Жалпы салықтық түсімдердің аз болу себебі неде? 

Дастан Өмірбаев, ҚР ұлттық экономика министрлігінің департамент директоры:

 Мұның 2 себебі бар. Бірінші, ол мұнай бағасының төмендеуі. Өткен жылы мұнай бағасы 30 процент түсті. Барреліне 42 долларды құрады. Мұнайдан түсетін салық республикалық бюджетке және Ұлттық қорға түседі. Түсім 50 процент төмендеді.

Ал екінші себебі, карантиндік шектеу шараларына байланысты табыстан қағылған шағын және орта бизнес субъектілері салықтан уақытша босатылды. Үкімет ұсынған деректер бойынша жыл басынан өсім байқалады. Алайда Ұлттық статистика бюросы алғашқы үш айда жалпы ішкі өнім көлемінің 1,5 процентке түскенін хабарлады. Қарқынды өсім тек сәуір айында болғаны ма?

Әлібек Қуантыров, ҚР ұлттық экономика министрінің орынбасары:

– Негізі экономикалық өсім сәуір айында ғана болды деп айта алмаймын. Өйткені карантиннен кейінгі көрсеткіштің жоғарылауы былтыр шілде айында байқалды. Жыл басынан бергі өсу көрсеткіші 0,7 процентті құрайды. Биылғы сәуір мен былтырғы сәуір айларын салыстырсақ, шамамен 9 проценттік өсім бар.

Сыртқы берешек бойынша көпшілік елдің жалпы қарызы мен мемлекеттік борышты шатастырады, дейді макроэкономикалық талдау және болжамдау департаментінің басшысы Дастан Өмірбаев. Оның айтуынша, Үкімет қарызының үлесі жалпы берешектің небәрі 8 процентін құрайды.

Дастан Өмірбаев, ҚР ұлттық экономика министрлігінің департамент директоры:

– Қазақстандық қарыз 163 млрд доллар болса, соның ішінде мемлекеттік қарыздың бар-жоғы 13,9 млрд долларды құрайды. Жалпы ішкі өнімге 8,5 процентке тең.

«Жалпы отандық экономика биыл жыл соңында 3,1 процентке өсіп, қарқын пандемияға дейінгі көрсеткіштен асуы мүмкін», дейді ұлттық экономика вице-министрі Әлібек Қуантыров.

Авторлар: Мирлан Алтынбек, Ерлан Наурызбаев