М.Әшімбаев: Бюджет шығыстары табыстарға мөлшерлес болуы тиіс

Бюджет ақшасын үнемдеу үшін жұмысты қашықтан істеу және цифрлық платформаны белсенді қолдану маңызды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының отырысында Палата төрағасы Мәулен Әшімбаев осылай деп мәлімдеді. Кездесу Қазақстан экономикасының пандемиядан кейінгі келешегіне арналды. Сенат Төрағасының айтуынша, қазір бизнестің даму қарқыны мен жұмыс орындарын қалпына келтіру өте маңызды. Сондай-ақ мемлекеттік қызметтер мен бизнесті цифрландыру да назарда болу керек деді Сенат басшысы. Мәулен Әшімбаев мемлекеттік бюджеттің кірістеріне оның шығыстары мөлшерлес болуы тиіс екенін атап өтті.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Үкімет алдында келер жылдан бастап бюджет дефицитін төмендету міндеті тұр. Ұлттық қордан алынатын қаражатты азайту керек. Бюджет тапшылығы ішкі және сыртқы қарыз алу есебінен қаржыландырылып отыр. Бұл жаңа проблема емес. Келесі 2022-2024 жылдардағы үш жылдық кезеңге арналған бюджетті қалыптастыру кезінде осы үрдісті өзгерту қажет. Бюджет шикізаттық емес сектор мен өңдеу өнеркәсібін дамыту есебінен толықтырылуы тиіс.