Жаңартылатын қуат көздері жобаларында отандық өнімнің үлесі аз

Жаңартылатын қуат көздері жобаларында отандық өнімнің үлесі аз. Енді өзімізде болмаған соң өзгенікін тұтынамыз. Бұдан шығудың жолы бар ма?

Ал сала мамандары жағдайды түзеудің төте жолы тарифті көтеру дейді.

Қазақстан - әлемдегі электр энергиясын ең көп тұтынатын мемлекет. Міне 2030 жылға қарай қолданыстағы жаңартылатын энергия көздерін 15 процентке жеткізуіміз керек. Мақсат ауқымды. Қуатты да босқа сарқуға болмайды. «Еcojer» қауымдастығының атқарушы директоры Рамазан Жампейісов бұл үшін тариф құнын көтеру қажет дейді.

Рамазан Жампейісов, «Ecojer» қауымдастығының атқарушы директоры:

- Тарифті көтеру керек. Әйтпесе тұтынушы үнемді ұмытып кетеді. Жаңғырту жұмыстарына инвестор тарту да қиындайды. Ал бұл жобалар өзін өзі ақтамаса, энергиялық тиімділік пен үнемдеу жайына қалады. Сондықтан тарифті көтеруді ұсынамын.

Алайда 2013 жылдан бері күн энергиясы бойынша тариф 64 процентке, жел энергетикасында 30, су энергетикасында 19 процентке төмендеген. Бірақ салаға 626 млрд теңге инвестиция құйылды. 1800 тұрақты жұмыс орыны құрылған. 81 млрд теңге салық түсті. Бүгінде ел аумағында сағатына 1705 мгВ энергия өндіретін 117 жаңартылатын қуат көзі бар.

Абай Құланбай, ҚР Энергетика министрлігінің жаңартылатын энергия көздері департаменті директорының м.а.:

- Елімізде ЖЭК әлеуеті өте зор. Бұл ең бірінші кезекте жел энергетикасы. Зерттеу нәтижелері бойынша жылына 920 млрд кВт/С жел энергиясын өндіруімізге болады. Екінші кезекте бұл су энергетикасы. Потенциалы жылына 62 млрд кВт/с. Еліміздің оңтүстік өңірлерінде күн сәулесінің радиациясы жылына 2500-3000 сағатқа тең болады. Дүние жүзімен салыстыратын болсақ, бұл жалпы ЖЭК үлесі өте ауқымды. Осы себептен бізде аталған саланы қарқынды дамытуға бізде барлық мүмкіндік бар. 

Мүмкіндік мол ғой. Бірақ сол қуат көздері Қытай, Еуропа, АҚШ технологиясына жан бітіріп жатыр. Өзімізге емес.

Рамазан Жампейісов, «Ecojer» қауымдастығының атқарушы директоры:

- Мемлекет басшысы энергияны өзімізде тұтыну жайын сөз етті. Қазақстанда шынымен ештеңе өндірілмейді. Өзіміздің кәсіпорындарымызды құрып, жұмыс орындарын жасақтау қажет. Шетелдің дайын технологиясын кәдеге жарата беруіміз ұят. Осы жаңартылған энергия көздерін пайдалану парниктік шығындарды азайтып қоймай, экономиканы дамытудағы орыны ерекше. 

Энергетика министрлігінің өкілі бұл кәсіпорындар оңтүстік және орталық өңірлерде бой көтеруі мүмкін дейді. Ал баламалы энергияны дамыту өзектілігін жойған жоқ.

Абай Құланбай, ҚР Энергетика министрлігінің жаңартылатын энергия көздері департаменті директорының м.а.:

- Сутекті алатын болсақ, көмірді алатын болсақ, газ технологиясын алатын болсақ бізде баламалы энергетика ошағы десе болады. Бірақ оны дамыту үшін осы саланы реттейтін жаңа реттеуші нормалар қажет болады. Бұл дегеніміз заң керек болады бізге. Келесі жылдың аяғына дейін заң пайда болады. БЭК дамыту бойынша. Осының шеңберінде бүкіл тетіктерін қарастыратын боламыз.

Бүгінде елдегі қолданыстағы энергияның 3 проценті ғана күн, жел, судан алынған. Мамандар мұны әзірге көңіл көншітерлік көрсеткіш деп отыр. Енді бұл ауқымды арттыра түсу маңызды.

Авторлар: Мерей Мұратханқызы, Ерлан Наурызбаев