Елордада іскер әйелдер халықты вакцина салдыруға үндеді

Елордада «BusinessWomenKZ» (БизнесУмэн-Кейзет) қоғамдық бірлестігінің мүшелері халықты коронавирусқа қарсы вакциналаудан өтуге шақырды. Екпенің арқасында карантиндік шаралар жеңілдетіліп, бизнес толықтай жұмыс істей алады. Іскер әйелдер осылай дейді.

«BusinessWomenKZ» мүшелерінің айтуынша, егер халықтың басым көпшілігі вакцина қабылдап денсаулығына жауапкершілікпен қараса, пандемияға дейінгі өмірге тез оралар едік.

Елордалық іскер Алтынай Рысқұлованың отбасылық бизнесі шоколад өнімдерін қолдан жасау кәсібіне негізделген. Кәсіпкер карантин өз табысына, қарамағындағы қызметкерлерінің жалақысына кері әсер еткенін жасырмады.

Алтынай Рысқұлова, кәсіпкер:

- Біздің отбасылық кәсібіміз бар. Қолдан жасалған шоколад өндірумен айналысамыз. Бизнестің құлдырамай, дамуы үшін және кәсібіміз тек өрге жүруі үшін вакцина қабылдауға шақырамын.

«BusinessWomenKZ» жобасының тағы бір өкілі Гүлжәмиля Салманова былтыр карантин басында тігін шеберханасын ашып, елорда тұрғындарын медициналық бетпердемен қамтамасыз етті. Ол да екпе алу үдерісіне тек оң көзбен қарайды.

Гүлжәмиля Салманова, кәсіпкер:

- 8 баланың анасымын. Тігіншімін. Вакцинаны қолдаймын.

Жұпар Ерғалымқызы, кәсіпкер:

- Барлығыңызды вакцинациялауға шақырамыз. Кәсібімізді бұрынғы қалпына келтірейік. Вакцинацияны қолдаймыз. 

Қоғамдық тамақтану орындарының иелері де жаппай вакциналауды бірауыздан қолдайды. Өйткені осының арқасында қала тұрғындары мен бизнес бұрынғы қалыпқа орала бастағандай, дейді олар.

Айта кеткен жөн, «BusinessWomenKZ» жобасы әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға бағыт алған республикалық ұйым.

Автор: Мирлан Алтынбек