Бие сүті қосылған шоколадқа Қытайдан сұраныс көп түсті

Қазақстанда бие сүтінен шоколад жасалатынын бірі білсе, енді бірі білмес. Емдік қасиеті бар ұлттық өнім әсіресе қант диабетіне шалдыққандарға пайдалы. Өндіру технологиясы қолда болғанымен жаппай саудаға шықты деп айту әлі ерте. Бәрі де қаржыландыру мен сұранысқа байланысты.

Ғалымға кәсіпкер болу, ал кәсіпкерге ғалым болу оңай шаруа емес. Бірақ екеуі бір жағадан бас шығарса, алынбайтын қамал жоқ. Осы мақсатта отандық ғылымға мемлекеттік грант бөлінеді. Грант алу үшін жоба ұсынушы болашақ демеушіні қызықтыра алуы тиіс. Бірақ демеушіліктен бұрын арнайы комиссия тексерісінен өту қажет. Содан соң идея ұлттық ғылыми кеңестің қарауына өтеді. Гранттың берілетіні не берілмейтіні сол жерде шешіледі. Қаржыландыру көлемі 20 млн теңгеден 300 млн теңгеге дейін барады.

Арын Орсариев, «Ғылым қоры» АҚ Басқармасының төрағасы:

- Небір мықты ғалымдар бар. Бірақ әттең көбінің коммерция саласынан хабары аз. Шығаруды, ойлап табуды біледі. Бірақ нарыққа сауатты түрде ұсына алмайды. Осыған байланысты коммерцияландыру тетігіне басымдық береміз. Соңғы 2 жылда қарқын байқалды. Ғалымдар жобалары арқылы табыстың дәмін сезе бастағанда сала тамырына қан жүгіреді деп ойлаймын.

Жобасын ойдағыдай жүзеге асыру және өнімді жарнамалап нарыққа шығаруы үшін грант иегеріне 6 жыл уақыт беріледі. 

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Ғылым қорында 155-тен астам жоба бар. Оның ішінде азық-түліктен бастап, медициналық препараттарға дейін қарастырылған. Мәселен, түйе еті қосылған күріш ботқасы. Көбіне құтқарушылар мен әскери қызметкерлер тұтынады. Одан қалды түйе өркешінің майы да бар. Ал жоғарыда аталған бие сүті мен лакто-бифидобактериялар қосылған шоколад қазір менің қолымда. Дәмін татып көрейік. Тәтті деп айтуға келмейді. Дәмі бар және сіңімді сияқты. 

Төрегелді Шарманов, медицина ғылымдарының докторы:

- Бұл шоколадты былтыр шығара бастадық. Өндіру технологиясын жетілдірдік. Біршама уақыт пен қаражат жұмсалды. Жеткілікті деңгейде сұранысты қамтамасыз ете аламыз. Қазірдің өзінде Қытайдан тапсырыс түсіп жатыр. 

Қант диабетінің алдын алатын шоколадпен қатар табиғи опа-далап, көміртек наноқұрылым материалы және ашу-ызаны басуға арналған вакцина сияқты жобаларға да мемлекеттік грант бөлінді.

Авторлар: Мирлан Алтынбек, Асхат Қарақойшиев