«Самал жел» жұмыс тобының отырысында Қазақстан уранын Кореяға жеткізу талқыланды

Сеул мен Нұр-Сұлтан бірлесіп, жерді қашықтан зондтау спутниктерін шығаруға ниетті. Бұл мәселе «Самал жел» екі жақты ынтымақтастық бағдарламасын іске асыру жөніндегі жұмыс тобының екінші отырысында талқыланды.

Естеріңізге сала кетейік, бұл экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы 2019 жылы Оңтүстік Корея Президенті Мун Чжэ Иннің Қазақстанға сапары кезінде қабылданған болатын. Сонымен қатар екі жақ Оңтүстік Кореяға қазақстандық уранды жеткізу және Нұр-Сұлтан қаласын сумен жабдықтау жөніндегі бірлескен жобаларды талқылады.

Владислав Цой, тілші:

- «Самал жел» бағдарламасын іске асыру бойынша жұмыс тобының екінші отырысы онлайн режимде өтті. Екі ел өкілдері энергетика және минералды ресурстар саласындағы ынтымақтастықты талқылады. Шымкентте құны 800 миллион АҚШ долларын құрайтын базалық май шығаратын зауыт салу бойынша бірлескен жоба қарастырылды. Сондай-ақ Қазақстанда газ толтыру станцияларын салу жобасын кеңейту жоспарда бар. Атом энергетикасы және металлургия саласындағы ынтымақтастық та қарастырылды.

Далида Алдабергенова, Қазақстан ұлттық атом компаниясының бөлім басшысы:

- 15 жыл ішінде Қазақстан мен Корея атом энергетикасы саласында мықты серіктестік орнатты. Соңғы келісім-шарт 20 қаңтарда жасалып, 20 наурызда сәтті орындалды. Сондай-ақ біздің еншілес компаниямыз және KHNP арасында 2025 жылдан 2029 жылға дейін уран жеткізу бойынша ұзақ мерзімді келісім-шарт бар.

Хан Сын Хун, компания директорының орынбасары:

- 100 мың тонна ферросилиций шығаратын зауыт салу жобасы қарастырылып жатыр. Бұл металлургия саласы үшін маңызды шикізат. Шамамен 3 жыл бұрын тапсырыс берушімен келіссөз бастадық және осы күнге дейін талқылауды жалғастырдық. Нәтижесінде былтыр қараша айында, пандемияға қарамастан Қазақстан мен Корея үкіметтерінің арқасында бізге 10 адамдық делегация келіп, Жоба құру туралы келісім-шарт жасалды. Қазіргі уақытта негізгі дизайн қаралып жатыр. Маусым айының ортасында 10-ға жуық қызметкеріміз жобалауды талқылау үшін Қазақстанға аттанады.

Ынтымақтастықтың жаңа бағыты ғарыш. Қазақстан 18 KazEOSat жерді қашықтан зондтау спутнигін жасайды. Жақында Корея Байқоңырдан жерсерігін жіберді, оның барлық бөлшектері Кореяда дайындалған.

Мәлік Олжабеков, Цифрлық даму, инновациялар және ғарыш өнеркәсібі министрлігі комитеті төрағасының орынбасары:

- Біз кореялық компаниялардың тек бөлшектер жеткізуші ретінде емес, сонымен бірге осы жобаға бірлесе инвестиция салуын қалаймыз. Сатрек компаниясы спутниктерді ғарыштық аппараттардан бақылаумен танымал. Екі елдің әлеуеті мен тәжірибесін біріктіре отырып, әлемдік нарыққа геоақпараттық өнімдермен шығуға мүмкіндік бар. Алғашқы қадам қашықтан зондтау суреттерін өңдеу бойынша тәжірибе алмасу болады. Екінші қадам серіктестіктерді өндірістік ынтымақтастыққа шақырамыз. Кореялық компаниялар авионика, пайдалы жүктеме, оптика өндірісінде өте мықты. Ал біздің бортты компьютерлер, түрлі сенсорлар және қызмет көрсету жүйелер бойынша жақсы тәжірибеміз бар.

Ынтымақтастықтың тағы бір бағыты орман шаруашылығы. 2018 жылдан бастап кореялық мамандар Арал теңізінің құрғап қалған түбіне 13 мың гектар сексеуіл екті. Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 5 жыл ішінде 2 миллиардтан астам ағаш егу туралы тапсырма берді. Сондықтан бұл мақсатты іске асыру кезінде Қазақстанда Корея тәжірибесі қолданылады. Сумен жабдықтау, цифрландыру саласында да серіктестік орнату жоспарланған.

Бекберген Керей, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі департамент директорының орынбасары:

- Корея тарапының Нұр-Сұлтанда ауыз су құбырларын автоматтандыру бойынша пилоттық жобаны бастау туралы ұсынысын құптаймыз. 

Владислав Цой, тілші:

- Бір апта бұрын тағы бір қазақстандық-корейлік жоба қолға алынды. Алматы облысында Қазақ аграрлық университетінің аумағында ақылды жылыжай құрылысы басталды. Бірінші қыркүйектен бастап 1 гектар жерде корей технологиясы бойынша қияр, қызанақ және құлпынай өсіріледі. Бұл жобаның мақсаты отандық студенттер мен фермерлерге Кореядағы ақылды жылыжай технологиясын үйрету.

Авторлар: Владислав Цой, Ольга Лян