Бензин бағасы 200₸ дейін жетуі мүмкін

Келер жылы АИ-92 маркалы жанармай 200 теңгеге дейін жетеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмыстарына байланысты бензин тапшылығы байқалып, биылдың өзінде баға көтерілуі мүмкін. Мұнай-газ саласының сарапшылары осындай болжам жасады. Олардың айтуынша, бұл ұзақ мерзімді фактор. Оған қоса, ескеретін жайт: «Біздің мұнайдың бағасы барреліне 20-30 доллардан зауыттарға жеткізіледі. Алайда оның өзіндік құны барреліне 40 доллар. Яғни мұнай өндірушілер қара алтынды ішкі нарыққа тым арзан бағамен сатады. Ал шығындарды экспорт есебінен өндіреді» дейді сарапшылар.

Сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақ және Дүниежүзілік сауда ұйымы шеңберінде Қазақстан ішкі нарықты субсидиялаудан бас тартуға міндеттеледі. Бұдан бөлек, наурызда мұнай өнімдері биржалық тауарға айналды. Енді сұраныс пен ұсыныс арасындағы бағаны нарық реттейді.

«Арзан энергия көздерінің дәуірі өтті», – деді сала сарапшысы Олжас Байдильдинов.

Олжас Байдильдинов, Мұнай-газ саласының сарапшысы:

АИ-92 маркалы бензин республика бойынша орта есеппен 170 теңге тұрады. Егер оны баррельге аударсақ, бір баррельде 159 литр. Яғни бізде АИ-92 бензинінің баррелі дайын өнім түрінде 60 доллар тұрады. Ал әлемдік шикі мұнай бағасы 70 доллар. Өңделген өнімнің шикізаттан да арзан болуы мүмкін емес. Бірақ біздегі жағдай осындай.