Отандық көліктер қалай жиналады

Жалпы отандық көлікке қатысты сұрақ көп. Жауапты министрлік биыл 80 мың темір тұлпардың құрастырылғанын мәлімдеді. Ал жұрт елде автокөліктер қажетті көлемде шығарылмайды дейді. Сондықтан кезек көп. Блогерлер тарапынан әлеуметтік желіде осындай сын айтылды. Автоөндірістің отандық үлесіне де күмән келтірушілер бар.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Мен қазір Қостанай автозауытының сырлау цехында тұрмын. Бұл жерде көліктің шанағы капоты, қанаттары, қаптамалары майланып, тегістеліп, сырланады. Ал оның қаншалықты сапалы атқарылғандығы жан-жағынан шамдар жарқыраған арнайы орында тексеріледі. Көлік шанағын сырлау технологиясы жайлы осындағы маманнан сұрап білсек. 

- Көліктің түр-түсін таңдағанда тұтынушылардың сұранысын ескересіздер ме?

Нұрдәулет Жақсылықов, сырлау цехының операторы:

- Иә, біз автомобильдерді тұтынушыға қажет кез келген түске бояй аламыз. Сонымен қатар біздің зауытта түстердің ғана емес, кез келген қазақстандық тұтынушының талғамына сай келетін автомобильдердің кең желісі ұсынылған.

Ал мынау дәнекерлеу цехы. Машинаның барлық металды бөлігі осы жерде дәнекерленеді. Яғни көлік шанағының мықты бекітілуі тек осындағы өзіміздің мамандарға байланысты. Ал енді сапаға, бағаға қатысты мәселені зауыт өкілінің өзінен сұрап білсек.

- Былтыр 40 мыңнан астам көлік шығардыңыздар, бұл аздық етіп отырған жоқ па? Отандық машинаға кезек көп дейді ғой.

Саят Жүсіпов, Қостанай автозауытының жауапты өкілі:

- Кезектің көптігі біздің машиналардың сапасы жоғарылығынан деп ойлаймыз. Иә, біз 40 мыңнан астам автомобиль шығардық. Бұл рекордтық көрсеткіш. Біз осы көрсеткішпен тоқтамаймыз. 

- Ал көлік бағасына қатысты не айта аласыз?

- Рас, бұған сыртқы факторлардың әсері бар. Бірақ біз өзіміз өндіретін болғандықтан ол бізге қатты әсер етіп отырған жоқ. 

Ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын зауытта қызу еңбек. Мұнда жеке оқшаулар орталығының ашылуы өндіріске жан бітіргендей. Мұнда металды иіп кесетін, пластикалық жабдықтар өндіретін, электр сымдарын есетін жоғары өнімді бірнеше автоматтандырылған желілер орнатылған. Айтуларынша, мұнда шығарылатын комбайн, тракторларға сұраныс зор.

Пётр Максаков, зауыттың өндіріс бойынша вице-президенті:

- Беларусь тракторларымен салыстырғанда бағасында еш айырмашылық жоқ. Ал сапасы жағынан біздің тракторлар біршама басым. Бұл тұтынушылардың беріп отырған бағасы. 

Бұл жерде біздің көзіміз жеткендігі қос зауытта тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Осы жоба аясында биыл 450 жұмыс орыны ашылды. Келер жылы қосымша 600-ге жуық адамды жұмысқа тарту жоспарда бар.

Ал автоөндірістегі Қазақстанның үлесі туралы сұрағымыз жауапсыз қалды. Біздің түсіру тобымыз келген сәтте зауытта бұл ақпараттан хабардар жауапты маман жоқ екен. Ол келген бетте тиісті мәліметтерді беруге уәде етті. 

Авторлар: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров