427,15 523.00 5.95
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

А.Мамин Нидерландтың жетекші компанияларымен АӨК жобаларын іске асыру мәселесін талқылады

  • 74
  • UPD: 14:48, 03.06.2021
А.Мамин Нидерландтың жетекші компанияларымен АӨК жобаларын іске асыру мәселесін талқылады

Қазақстан Республикасының премьер-министрі Асқар Мамин Нидерландтың жетекші агроөнеркәсіптік компанияларының – жылыжайлар, ауыл шаруашылығы жабдықтары, тұқымдар, өсімдіктерді биологиялық қорғау саласындағы әлемдік көшбасшы компаниялардың басшылығымен келіссөз өткізді.

Қазақстанға келген нидерландық бизнес делегациясының құрамына KUBO, Dutch Greenhouse Delta, Van der Hoeven Horticultural Projects, Certhon, Gakon, Koppert Biological Systems, Food Ventures, Hoogendoorn, Svensson, Priva, HVA International, Dalsem, Rijk Zwaan және т.б. өкілдері кірді.

Тараптар АӨК саласындағы ынтымақтастықты дамыту келешегін, оның ішінде Қазақстанның жылыжай кешендерін, тұқым шаруашылығын және ауыл шаруашылығының басқа да секторларын дамытуда жиынтықты есептеулер, жасанды зерде және басқа да инновациялық технологияларды енгізу перспективаларын талқылады.

Келіссөз қорытындысы бойынша «Kazakh Invest» ҰК» АҚ, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ, Қазақстанның картоп және көкөніс өсірушілер одағы, «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ өкілдері, сондай-ақ бірқатар қазақстандық компания Dutch Greenhouse Delta, Food Ventures, Rijk Zwaan, Solynta және Koppert Biological Systems-бен Қазақстанда жеміс-көкөніс шаруашылығы мен тұқымдық картоп өндірісін, өсімдіктерді биологиялық қорғау құралдарын дамыту, ҚР жылыжай кешендерін салу, Түркістан облысында демонстрациялық станция мен жоғары технологиялық-зерттеу орталығын салу бойынша бірлескен жобаларды іске асыруды көздейтін келісімдерге қол қойды.

Аталған жобалар бойынша ҚР экономикасына салынған инвестициялардың жалпы сомасы 100 млрд теңгеден асады. Оларды іске асыру Қазақстанда жаңа сапалы жұмыс орындарын құруға, АӨК саласында озық технологиялар мен практиканы енгізуге, сондай-ақ Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін және экспорттық әлеуетін арттыруға жол ашады.

Нидерландтық компаниялардың өкілдері ҚР-ға сапары аясында Алматы, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласына өңірлердің басшылығымен және қазақстандық серіктестерімен бірлескен жобаларды іске асыруды егжей-тегжейлі талқылау үшін барады.

Қазақстанда нидерландтық капиталдың қатысуымен 900-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді, олар ҚР экономикасының энергетика, машина жасау, құрылыс, көлік-логистика және агроөнеркәсіп секторларында кеңінен ұсынылған.

Озық технологиялар мен агросекторды жүргізудің тиімді әдістерін пайдаланатын Нидерланд көшбасшы орынға ие және әлем бойынша АҚШ-тан кейін ауыл шаруашылығы өнімдерінің екінші ірі экспорттаушысы.

Келіссөздерге Қазақстан тарапынан ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, Нидерланд Корольдігіндегі ҚР төтенше және өкілетті елшісі Асқар Жұмағалиев, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Гүлмира Исаева, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қаныш Ізбастин, Нидерланд тарапынан ҚР-дағы елші Андре Карстенс қатысты.

Ақпарат көзі: ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметі

Хабар 24 телеарнасы