Өзбекстан диірмендерінің кесірінен елімізден ұн экспорты азайып барады

Елде ұн шығаратын дирмендердің саны жыл сайын бес процентке азайып жатыр. Бұл туралы бидай өңдеушілер одағының басшысы мәлімдеді.

Себебі салада бәсекелестік артып, табыс азайды. Әсіресе Өзбекстан дирмендері нанымызды тартып алып жатыр деуге болады. Өйткені олар бізден ұн емес, бидай сатып ала бастады. Былтыр 700 мың тонна дән импорттаған және Ауғанстанға дәл сол көлемде ұн экспорттады. Есесіне біздің ұн экспортымыздың көлемі азайды. 2020 жылы Қазақстан ауған еліне миллион жүз тоннадай бидай өнімін жеткізген. Бірнеше жыл бұрын бір жарым миллиондай сататын еді. Бұған қоса қазақстандық ұн Ауғанстанға Өзбекстан жері арқылы өтеді. Яғни тасымал құнын төлейді. Бұл біздің тауардың өзіндік құнын көтереді. Егер бұлай жалғаса берсе Қазақстан ұн сататын негізгі нарығынан айырылып қалуы мүмкін дейді мамандар. Бүгінде елден экспортталатын ұнның үштен екісі Ауғанстанға жөнелтіледі.

Былтыр елде 4 мың 200 шақырым жерге газ құбыры тартылды. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 6 еседей көп. Атқарылған жұмыстың арқасында 2020 жылы республикада газға қосылған ауылдың саны мың бір жүзге жуықтады. Оның жартысынан көбі үш өңірде орналасқан. Олар Батыс Қазақстан, Жамбыл және Түркістан облысында. Ал жалпы ел бойынша 14 өңірде газ бар. Яғни жалпы газ құбырының ұзындығы 32 мың 700 шақырым. Оның 124 шақырымы жөндеуді қажет етеді. Былтыр 19 апат тіркелген. Ал бағаға келсек, биыл құбыр арқылы үйге келіп тұрған көгілдір отынның бір текше метрі орташа алғанда 25 теңге болды. Ең арзаны Атырауда. Мұнда текше метрі үшін 8 теңге төлейді. Ал ең қымбаты Түркістан мен Шымкентте. Текше метрі 31 теңге шамасында. 

Еуразиялық экономикалық одақ үшінші елдермен ынтықамтастықты кеңейтеді. Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы халықаралық форумда осы мәселе талқыланды. Иран және Үндістан елдерімен еркін сауда аймағын құру жолдары қарастырылды. Басқосуда сарапшылардың ең көп назар аударған мәселелерінің бірі инфрақұрылымдық жобалар болды. Олардың ішінде Солтүстік-Оңтүстік көлік дәлізін дамыту бар. 2020 жылы Еуразиялық экономикалық одақ пен Иран арасында сауда айналымы 18,5 процентке өсіп, 3 миллиард долларға жеткен. Ал биылғы жылдың алғашқы тоқсанында Одақ елдерінің Иранға экспорты 43,5 процентке артты.

Қайрат Келімбетов, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы:

- Біз түрлі сауда жолдарын байланыстырушы роль атқарамыз. Біз үшін экономикамыз әртараптандырылып, түрлі саламен байланыста болғаны маңызды. Мысалы, Еуропалық Одақ, Қытай және Еуразиялық экономикалық одақпен. Мұның барлығы еліміздің дамуына, шикізаттық емес экспорттың артуына мүмкіндік береді. Бұл біздің басты стратегиямыз.