425,70 504.60 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанда кәсіпкерлерге арналған мобильді қосымша пайда болады

  • 160
  • UPD: 12:11, 04.06.2021
Қазақстанда кәсіпкерлерге арналған мобильді қосымша пайда болады ctc-rk.kz

Үкіметте кәсіпкерлік қызметті жеңілдетуге, соның ішінде жеке кәсіп ашуға және жабуға, салықтарды есептеу мен төлеуге, салық есептілігін толтыруға арналған электронды е-Salyq-Business мобильді қосымшасының таныстырылымы өтті.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңес «e-Salyq-Business мобильді қосымшасын енгізу» тақырыбына арналды, деп хабарлайды primeminister.kz.

Мобильді қосымша онлайн режимде жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге, салық режимін таңдауға немесе өзгертуге, чек беруге, салық есептілігін қалыптастыруға/жіберуге, салық төлеуге, хабарлама/анықтама алуға, төлемдерді басқаруға және мемлекеттік кірістер органдарынан белгілі бір қызметтерді алуға мүмкіндік береді.

Әзірлеушілер салықтар мен әлеуметтік төлемдерді есептеуді, салық есептілігін толтыру мен ұсынуды, кірістер мен салықтардың есебін жүргізуді автоматтандырды.

Е-Salyq-Business-ті пилоттық түрде іске қосу осы жылдың шілде айына жоспарланған. Бірінші кезеңде қолданушылар саны шамамен 100 мың адамды құрайды деп күтілуде.

Ә.Смайылов адамдардың кәсіпкерлікпен айналысуы үшін қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығын, оның ішінде салық міндеттемелерін орындау мейілінше жеңілдету қажет екенін атап өтті. Премьер-министрдің бірінші орынбасары аталған бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды.

Хабар 24 телеарнасы