«Қарапайым заттар экономикасы» ауыл шаруашылығы саласына серпіліс берді

Елімізде «қарапайым заттар экономикасы» бағдарлмасы аясында 1476 жоба қаржыландырылған. Отандық кәсіпкерлерді қолдау бағдарлмасы ауыл шаруашылығы саласына үлкен серпіліс берді. «Бәйтерек» Ұлттық басқару холдингі «Аграрлық несие корпорациясынан» берілген несие арқылы бірі жеке кәсіпке жол ашса, екіншілері кәсіпорындарын ұлғайтқан. Алматы облысында аталған бағдарлама арқылы жеміс-жидек пен көкөніс өндірісінің көлемі артуда. 

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы өндіріс қуатын арттырған кәсіпкерлердің бірі Батыржан Әлібаев. Ол өткен жылы 48,6 гектар жерге Италиядан арнайы көшет алғызып, интенсивті бақты арнайы технологиямен жабдықтаған. Бір жыл бұрын жерсіндірілген жеміс ағаштары биылдан бастап өнім бере бастайды дейді. Қазір 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал маусымдық жұмыстарға 100-ге жуық жұмысшы тартылмақ. Төрт жылдан кейін 2500 тоннаға дейін жеміс беретін жобаның құны 1,3 млрд теңге.

Батыржан Әлібаев, кәсіпкер:

- Аграрлық несие корпорациясының «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы несие алдық. 5 проценттік несие қазіргі уақытта екінші деңгейлі банктерде жоқ. Проценттік үстеме аз болғандықтан осындай ірі жобаларды қолға алуға болады. Оған қоса кәсіп жолға қойылғанға дейін, яғни 2 жыл жеңілдік береді. Бұл біз үшін өте тиімді.

Еңбекшіқазақ ауданында салынып жатқан бұл нысан өңірдегі бірегей жоба. Мұнда көкөніс пен жемістер жуып тазалаудан өткеннен кейін мұздатылып, арнайы қаптамамен дүкен сөрелеріне дайындалады. Заманауи зауыттың өндіріс көлемі айына мың тонна дайын өнім шығаруға қауқарлы. Оған қоса өнімдерді уақытша сақтайтын қоймалар да қарастырылған. Өндірістің 80 проценті экспортқа бағытталған. Өндіріске қажетті көкөністер мен жемістер 200 гектардан жиналады. Қосымша шағын шаруашылықтардан сатып алынады.

Ерік Мұсақұлов, кәсіпкер:

- Жобаны 2018 жылы қолға алдық. Былтыр Аграрлық несие корпорациясынан 1,9 млрд теңге несие алдық. Қазіргі уақытта құрылыс аяқталуға жақын, жыл соңында кәсіпорын жұмысын бастайды. Салқындатқыш, арнайы құбырлар орнатылды. Қазір жемісті мұздату жүйесі жасалып жатыр. Өндіріс қуаты сағатына 3 тонна өнімді құрайды. Өнімнің 80 проценті экспортқа бағытталған. 

Өңірдегі ауыл шаруашылығын дамытып, отандық өндіріс көлемін арттырған жоба 2019 жылы басталған. Екі жылға жоспарланған несиелеу бағдарламасы оң нәтиже беріп жатыр, дейді өкіл.

Руслан Ескендір, Аграрлық несие корпорациясы PR-маркетинг қызметінің басшысы:

- Осы үш жылдың ішінде Аграрлық несие корпорациясы 23 жобаны жүзеге асырды. Олардың жалпы сомасы 21 млрд астам теңге құрайды. Ал жеміс және көкөніс сақтау сынды ірі жобалар бойынша екі жылдың арасында Аграрлық несие корпорациясы 23 жобаны іске асырды. Жалпы сомасы 8,9 млрд теңгені құрады. 

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы бойынша 2019 жылдан бері 1476 жоба қаржыландырылған. Несиенің жалпы сомасы 71 млрд теңгеден асады екен.

Авторлар: Аршын Кемелжанұлы, Радик Жакупов