Қазақстандық кәсіпкерлер Өзбекстандағы жол жүйесін ретке келтірмек

Қазақстандық кәсіпкерлер Өзбекстанда іс бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Отандастарымыз жол саласындағы цифрландыру жұмыстарын жүзеге асырады. Яғни, ақылы автотұрақтар мен «Сергек» бақылау камераларының баламаларын іске қосады.

Риат Шони, тілші:

- Наманған қаласының тұрғыны Әлішер Дадаханов бұл көлік жуу орнына жиі келеді. Оның айтуынша, қызметі арзан әрі тез.

Әлішер Дадаханов, Наманған қаласының тұрғыны:

- Бұл жердің бағасы өзгелерімен салыстырғанда 2 есе арзан. Қызметкерлерге мына жерді жу, ана жерін тазала деп көрсетіп отырмайсың. Бұнда сен өз көлігіңді өзің жуасың. Ыңғайлы.

Жергілікті жұртшылықтың айтуынша, қазақстандық кәсіпкерлердің көлік жуу орны ашылғаннан кейін, бұл қызметтің бағасы 30%-ке төмендеген. Бұнда заманауи қондырғылар орнатылып, тәуліктік жұмыс тәртібіне көшкен. Қазақстандық кәсіпкерлер Наманғанда өзге де бизнестерін ашуды жоспарлап отыр.

Игорь Веселовский, кәсіпкер:

- Қазір біз бұл жақта үш жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Алғашқысы – ол өздеріңіз көрген көлік жуу желісі. Бір айтарым, Өзбекстан билігі, жергілікті жердегі атқамінерлер инвесторлармен жұмыс істеуге толық дайын. Компанияны тіркеу бір минут қана уақытыңды алады. Бұл жақтың нарығы қазір өте қызықты. Цифрландыру жағына енді бет бұрып келе жатыр.

Наманғанда цифрландыру жұмыстарына да қазақстандық кәсіпкерлер көмектеспек. Нақтырақ айтар болсақ, жолдағы қауіпсіздікті бір жүйеге келтіру отандастарымызға сеніп, тапсырылған. Яғни, Нұр-Сұлтан, Алматы сынды мегаполистердегі «Сергек» жүйесінің баламасы Наманғанда да орнатылмақ. Тағы ақылы автотұрақтарды да іске қосу жоспарланған.

Марат Пірінбеков, кәсіпкер:

- Иә, әрине, паркоматтар қойылады. Сосын видеофиксация жағынан, нөмірлерді тану дейміз, сол болады. Өйткені мен айтып кеттім, мына кісі басынан көлік саны өте көп. Сол себепті тәртіпке келтіру, жолды ашу, жылдамдықты көбейту, таза ауаны жақсарту, экология мәселесі дегендей біз көп мәселеге үлесімізді қосуға дайындығымыз бар, тәжірибеміз бар.

Жол жүйесін цифрландыру мәселесі бойынша қазір қазақстандық кәсіпкерлер Наманған облысы басшылығымен тиісті келіссөздер жүргізіп жатыр. Егер екіжақты келісім нәтижелі болса бұл жобалар көп ұзамай іске асатын болады.

Авторлары: Риат Шони, Санжар Шатуляганов