ЕАЭО елдерінде дәрілік заттарды ортақ тіркеуге алу қашан аяқталады

Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде өндірілетін барлық дәрілік заттарды ортақ тіркеуге алу 2025 жылға дейін аяқталуы тиіс.

Осылайша одақтың препарататтар нарығына импорттың әсерін азайту көзделіп отыр. Өйткені қазір фармацевтикалық өнімдердің жартысынан астамы үшінші елдерден әкелінеді. Комиссия алдағы жылдарға арналған іс-шаралар жобасын әзірлеп қойған. Құжат одаққа мүше елдерді маңызды дәрілік заттармен қамтамасыз ету деңгейін арттырып, бірлестік аумағында олардың өндірісін реттеуге бағытталған.

Артак Камалян, Еуразиялық экономикалық комиссияның өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі:

– Біз фармацевтикалық өнімдердің шамамен 70 процентін үшінші елдерден импорттаймыз. Алдағы жылдарға арналған жоспар одақ елдері арасында дәріні, соның ішінде жаңа вакциналарды жасап шығару бойынша ынтымақтастық құруға, фармацевтика саласындағы байланыстарды нығайтуды көздейді. Негізі одаққа мүше Қазақстан мен Беларусь «Спутник-Ви» екпесін өндіру бойынша жақсы үлгі көрсетті. Қазір Қырғызстан мен Арменияда да тиісті жұмыстарды ұйымдастыру жағы қарастырылып жатыр.