Президент тапсырмасы: бизнесті қолдау бойынша 24 шара қабылданды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Үкіметінің 2021 жылдың 26 қаңтардағы кеңейтілген отырысында бірқатар тапсырма берген.

«Биыл шағын және орта бизнеске қолдау көрсету ең басты назарда болуға тиіс. Үкіметке «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, бір айдың ішінде осыған қажетті іс-шаралар топтамасын әзірлеуді тапсырамын», – деген болатын.

Осы орайда іскерлік белсенділікті ынталандыру үшін қосымша шаралар топтамасы қабылданды. Атап айтқанда, бизнеске жүктемені азайту, қаржыландыруға, сұраныс нарықтарына және сапалы адам ресурстарына қолжетімділікті кеңейту сияқты 4 бағыт бойынша 24 шара қабылданды.

Шаралар топтамасы жылдам қалпына келтіру қарқынын және жаңа экономикалық ахуал жағдайында іскерлік белсенділікті ынталандыратын экожүйені қалыптастыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Шаралардың жүзеге асырылуы биылғы ЖІӨ-нің өсімін 3 пайызға жеткізуге ықпал етеді. 3,3 миллионнан астам адам жұмыс істейтін 1,2 миллионнан астам кәсіпкерлік субъектісіне қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.