426,73 523.00 5.95
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Сенаторлар әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі заң жобаларын талқылады

  • 78
  • UPD: 15:08, 08.06.2021
Сенаторлар әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі заң жобаларын талқылады Сенаттың баспасөз қызметі

Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында депутаттар әзірлеген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік, әлеуметтік кәсіпкерлік және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды.

Заң жобасында еліміздегі әлеуметтік кәсіпкерлікті заңнамалық реттеу және оның даму тетіктерін жүйелеу көзделіп отыр, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

Құжатта «әлеуметтік кәсіпкерлік» ұғымы, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің негізгі міндеттері мен санаттары, әлеуметтік кәсіпкер мәртебесін беру тетігі, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шаралары бекітіледі. Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің қызметі бағытталған халықтың әлеуметтік осал топтары анықталды.

Сенаторлар сонымен қатар әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі мемлекеттік шараларды заңнамалық бекіту үшін әзірленген Салық кодексіне түзетулерді қарады.

«Заң жобасында халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын қызметкерлерді оқытуға, біліктілігін арттыруға немесе кәсібі бойынша қайта даярлауға жұмсалған шығыстар мөлшерінде салық салынатын кірісті азайту құқығы, бірақ 120 еселенген АЕК мөлшерінен аспайтын, сондай-ақ салық базасына 0,5% ставка бойынша мүлік салығы сияқты мемлекеттік қолдау шаралары көзделген», – деп атап өтті сенатор Ерік Сұлтанов.

Заң жобасын Мәжілісте қарау барысында іскерлік белсенділікті ынталандыруды, жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуді, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды дамытуды және басқа да шараларды көздейтін түзетулер енгізілген болатын.

Хабар 24 телеарнасы