Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті

Бүгін елорадада Қазақстан халқы ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиында сөз алған еліміздің Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық табысты болуы халықтың бірлігіне және ұлтаралық татулыққа тікелей байланысты екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент болып сайланғанына екі жыл толғанын атап өтті. «Бұл тарихи сәт елдегі жаңа басқару әдісін қалыптастыруға, жаңа заманның жаңа қатерлеріне жауап беруге мүмкіндік береді», - деді Мемлекеттік хатшы.

Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

- Өздеріңізге белгілі, 2019 жылдың 9 маусымында мемлекетіміздің жаңа басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бүкілхалықтық сайлаудың қорытындысымен Президент болып сайланғанына екі жыл толды. Бұл тарихи сәт тағылымы мол сабақтастықтың, саяси бағдарды сақтай отыра, үндестіктің, әділеттіліктің және дамудың принциптеріне негізделген жаңа басқару әдісін қалыптастыруда, жаңа заманның жаңа шақыруларына лайықты жауап беруге мүмкіндік беруде.