Сальвадорда биткоин ресми түрде төлем құралы ретінде белгіленді

Сальвадор парламенті биткоинды төлем құралы ретінде мақұлдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жақын арада елде виртуалды ақшаның есептеу механизмі жарияланады. Биткоинмен төлеуге толық өту үшін үкімет қаржылық инфрақұрылымның дайындық жұмыстарына 3 ай уақыт берді. Жалпы Сальвадорда 2001 жылға дейін колон валютасы қолданылса, 2004 жылға дейін колон мен долларды пайдаланған. Кейін колон қолданыстан жойылып, доллар ғана қалған еді. Енді мемлекет өзінің крипто-әмиянын ашпақ ниетте. Бұдан былай ел тұрғындары биткоин арқылы сауда жасап, салық төлей алатын болады. Криптовалютаны долларға еш бажсыз айырбастауға мүмкіндік берілген. Алайда әзірше бухгалтерлік есепте негізгі валюта доллар болып саналады. Ел президентінің айтуынша, жаңа қаржылық инфрақұрылым арқылы елде жаңа жұмыс орындары ашылатын болады.

Найиб Букеле, Сальвадор президенті:

– Алдағы аптада жаңа заң жобасын Конгреске жолдаймыз. Кейін биткоин Сальвадорда заңды түрде төлем құралы ретінде белгіленеді. Осылайша елде жаңа жұмыс орындары пайда болады. Бұл өзгеріс мыңдаған азаматтарға жол ашады.