Қазақстанда құрылыс материалдары қашан арзандайды?

Үкімет құрылыс материалдарының бағасын бақылауға алатын болды. Асқар Мамин бәсекелестікті қорғау агенттігіне арнайы тапсырма берді. Бағаны қолдан өсіріп отырғандарға тиісті шара қолдануды тапсырды.

Былтыр құрсауланып жаттық. Індет алқымнан алып, тырп еткізбеді. Ал биыл қыбыр-жыбыр көбейді. Үй салуға кірісе алмаған жандар енді жең түре жұмыс істеп жатыр. Соны алыпсатарлар ұтымды пайдаланып қалды. Күн жыли салысымен құрылыс материалдарының да құны күрт шарықтап кетті. Тіпті күн сайын көтеріліп жатыр.   

Бейбіт Атамқұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі

Бізде не қымбаттады? Цементтің өскені бірден байқалады. Сосын құбырларға көбінің қолы жетпей қалды. Кірпішті де қажетінше ала алмайды. Сүлікше сорып жатыр.

Құрылыс материалдарын шығаратындар мұны қисынға келсін-келмесін, әйтеуір жанармай бағасының өсуімен байланыстырады. Электр энергиясы да бұрынғыдай арзан емес дейді. Сыныққа сылтау табыла береді ғой. Олармен енді антимонополия өкілдері күреседі.  

Серік Жұманғарин, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы:

- Арматура мен шыныны шеттен алдырамыз. Өзімізде шығарғаны жетпейді өйткені. Үкімет отырысына қатысқандардан ұққанымыз осы. Олардың бағасын реттеу қиын енді. Бірақ Асқар Мамин қолдан сабын ұқсап сусып бара жатқан бағаны қалай да ырыққа көндіріңдер деді.  

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

- Құрылыс компаниялары мен отандық құрылыс материалдарын өндірушілер тарапынан спекулятивті әрекеттерге жол бермеу қажет. Жосықсыз өндірушілер мен өнім берушілерге қатысты қатаң шаралар қолдану қажет. Индустрия министрлігіне әкімдіктер мен «Атамекен» КП бірлесіп, құрылыс саласында импорт алмасу бойынша жоспарлаған жобаларды уақытында іске қосыдуы қамтамасыз етуді тапсырамыз.

Үкімет басшысы тапсырма берді. Енді өңір басшылары мен жауапты ведомство өкілдері мықтап іске кірісу керек. Кім біледі, бәлкім сол кезде құрылыс материалдары арзандап қалар. Ол енді уақыттың еншісінде.

Автор: Дастан Сейілханұлы