Өскеменде автокомпанияның бұрынғы жұмыскерлері жалақысын ала бастады

«Бипек Авто Қазақстан» компаниялар тобының бұрынғы жұмысшылары жалақыларын ала бастады. Аталған компания банкрот болғаннан кейін мыңнан астам адам жұмыссыз қалып, бірнеше айдың еңбекақысы берілмеген. Мәселеге облыс әкімі араласқан соң оң шешімін тапты. Ал жалақы қарызын түпкілікті шешу үшін арнайы облыстық штаб та құрылды.

Игорь Попов «Бипек Авто Қазақстан» компаниясында 2014 жылдан бастап жұмыс істеген. Қоймашы және техникалық сала бойынша да қызмет атқарған.

Айтуынша, автозауыт тарапы жалақы ғана емес, жұмыстан босатуға байланысты төленетін өтемақы мен кезекті еңбек демалысы бойынша да ақша беруі тиіс болатын.

Игорь Попов, кәсіпорынның бұрынғы  жұмысшысы:

- Менің  алашағым шамамен 230 мың теңге. Кеше бірінші жұмыс орнымнан 188 мың теңге алдым. Ал «Бипек Автоның» өзінен алатын жалақымды бүгін береміз деді.

Жалақы қарызына қатысты мәселені облыс әкімі тікелей өз бақылауын ұстап отыр. 

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

- Жусан банкінде арнайы шот ашылды. Кеше 9 маусымнан бастап барлық 1158 қызметкерге 958 миллион теңге сомасындағы жалақы аударыла бастады. Бұл мәселені ерекше бақылауда ұстап отырмын.

Кәсіпорында құрамында бірнеше құзырлы органның қызметкері бар  комиссия жұмыс істеп жатыр. Олар әрбір қызметкер үшін қарыздың толық мөлшерін анықтау үшін барлық құжаттар мұқият тексеріледі.

Қайрат Әбілқайыров, облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басшысының орынбасары:

- 167 жұмысшының 60 миллион теңге еңбекақысы төленді. Бүгінгі уақытта 281 жұмысшының 102 миллион теңге ақшасы банкке жіберілді.  Қалған қаражат ертең 11 маусым күні барлық жұмысшыларға төленді.

Жұмысшылардың жалақысы үшін банктен ашылған арнайы есеп-шотта бүгінде 1 миллиардтан астам теңге жатыр.  Ол бірінші кезекте еңбекақы қарызы және зейнетақы сияқты қарыздарды жабуға жұмсалатын болады.

Автор: Олжас Керейхан