Павлодар облысында африкалық сом өсірілетін болды

Он екі тоғанды жалға алған фермерлер жақында шабақ әкелуді жоспарлап отыр. Инвесторлар қазір Успен ауданындағы қараусыз қалған су айдынында тұқым балығын өсіруді қолға алды.

Юля Заяц балықшылар әулетінен. Ол жазғы демалысын балық шаруашылығында өткізеді. Әкесіне қолқабыс етіп жүрген қыз жасанды тоғандардағы судың деңгейін бақылап, шабақтарға жем шашуды өз мойнына алған. Әр тоғанға шамамен 1 миллионға жуық шабақ жіберіліпті.

Юлия Заяц, балық өсіруші:

- Олар өте кішкентай болды. Сондықтан әр 20 минут сайын қоректендіру керек еді. Қазір аздап өсіп келеді. Сағатына бір рет жем шашамыз. Мен жануарлар әлемін қатты жақсы көремін. Мені олардың физиологиясы қызықтырады.

Шабақтар екі аптадан кейін үлкен су айдындарына жіберіледі. Бұл шаруашылық 12 су қоймасын жалға алған. Облыстағы өзен-көлдерді балықтандыруға атсалысады. Тұқы балықтарын табиғи ортаға жібермес бұрын өзен-көлдер тыңғылықты зерттеледі. Бұл салаға да ғылыми көзқарас қажет екен. 

Анатолий Заяц, балық өсіруші:

- Алдымен олардағы балықтардың құрамын зерттеп алуымыз керек. Егер су айдындарында алабұға өмір сүретін болса шабақтарды жібере алмаймыз. Себебі жыртқыш балықтар ұсақ шабақтарды жойып жібереді.

Қазір Константиновка ауылының жанындағы қараусыз қалған су қоймасы қалпына келтіріліп жатыр. Бұл жер балық өсіретін жабық тәлімбаққа айналады. 

Александр Веретенников, балық шаруашылығының жетекшісі:

- Біз балықтың басқа да түрлерін өсіре аламыз. Солардың бірі африкалық сом. Ол өте жылдам өсетін балық түрі. Тұрғындарға қолжетімді болу үшін осы өндірісті құруды басты мақсат етіп алдық.

Егер қаржылай қолдау болса, жылына 100 тоннаға дейін африкалық сом өсіруге болады екен. Бір ерекшелігі, африкалық сомдар шағын су қоймаларында өмір сүреді.

Балықшылардың айтуынша, экзотикалық балық түрі дәмі мен сапасы жағынан да ерекше. Елімізде балық шаруашылығын дамытудың арнайы бағдарламасы қабылданған. Оның мақсаты 2030 жылға дейін тауарлы балықтың көлемін 6900 тоннадан 270 мың тоннаға дейін көтеру. Осы орайда мемлекеттік қолдаудың бірқатар түрлері енгізілген.

Бұған дейін Түркістан облысында кәсіпкер африкалық жайын өсіруді қолға алғанын хабарлағанбыз.