«Бәйтерек» холдингінің қоры кәсібін дамытқысы келетін шаруаларға несие алуда кепіл болады

Қазір ауылдағы фермерлердің көпшілігі шаруасын дамытуға несие алайын десе, банкке қоятын кепілі жоқ. Енді бұл кедергі жойылды. «Бәйтерек» холдингі құрамындағы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» кәсібінің көкжиегін кеңейтемін деген іскер азаматтарға кепіл бола алады.

Бірақ ол жеңілдікті пайдаланудың өз талаптары бар. 

Осакаров ауданының тұрғыны Хайрат Аманбеков азын-аулақ мал ұстап, ет өнімдерін сатумен айналысады. Кейінгі жылдары жылқы мен қой етіне сұраныс артқан соң дүкен ашуға бел байлаған. Бірақ қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға қаржысы болмапты. Несие алайын десе, кепілге қоятын дүние-мүлкі жетпейді. Осылайша «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына» жүгініп, жеңілдетілген процентпен несие алу үшін кепілдендіруге қол жеткізді.

Хайрат Аманбеков, кәсіпкер:

- Оған мен мына екі витринаны алдым. Мына жердегі Промышленный мясорубкамды алдым. Одан кейін пила алдым, итальянский фирмадан, жақсы. Сонымен ептеп жұмыс істеп жатқанымыз бар. Қазір кішкене малымыз бар. Сол жақта өзіміз бордақылаймыз, сосын халал өнімді осында әкеліп сатып жатырмыз. 

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» қаржы ұйымдарынан, несие серіктестіктен немесе банктен несие алғысы келетін фермерге кепіл бола алады. Яғни шаруасын енді бастап жатқандарға несиенің 85 процентін, ал жұмысы жүріп тұрған кәсіпкерлерге 50 процентін кепілдендіре алады. Бірақ бұл жеңілдікті алудың өз талабы бар. 

Армат Байзақов, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қарағанды облыстық филиалының директоры:

- Гарантия алудың талаптары - несие серіктестігінен немесе микроқаржы ұйымынан алынған несие мөлшері 8 мың МРП-дан аспауы керек. Сондай-ақ несие бойынша процент мөлшері 6% аспауы керек. 

Жыл басынан бері Қарағанды облысында Қор 20 миллион теңгені кепілдендірген. Тағы 70 миллион теңгенің өтініші қаралу үстінде, дейді мамандар. 

Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев