423,75 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанай облысындағы құс фабрикасы өнімді экспорттай бастады

  • 237
  • UPD: 21:57, 14.06.2021

Қостанай облысында бройлер етінің өндіріс көлемі ұлғайды. Жеті жыл бойы тұралап қалған құс фабрикасы қалпына келтірілді. Өндірісті жандандыруға сауда және интеграция министрлігі, «Бәйтерек» холдингі мен «ҚазақЭкспорт» экспорттық сақтандыру компаниясы септігін тигізді. Қазір инвестициялық жоба өз тиімділігін дәлелдеп үлгірді. Өнім отандық және шетелдік нарықта жоғары сұранысқа ие.

Бұл цехта Мәскеуге жөнелтілетін өнімнің кезекті легі капталып жатыр. Диана Сердюк жаңа кәсіпорында еңбек ететін 260 адамның бірі. Кезінде вахталық әдіспен жұмыс істеп, қатынаудан қиындық көргенін айтады. Енді нәпақа табу үшін алысқа бармайды.

Диана Сердюк, «Poultry-Agro» ЖШС сою цехының жұмысшысы:

- Бұрын ақша табумен Ресейге жиі барып тұратынмын. Ал қазір өз ауылымда жұмыс істеймін. Ең бастысы - отбасымен біргемін! Еңбекақы да лайықты.

Құс фабрикасы бір ай ішінде 500 тонна ет шығарған. Сұраныс күн санап артып келеді. Өнім отандық және шетелдік нарыққа танылып үлгерді.

Николай Макаров, «POULTRY-AGRO» ЖШС сою цехының бастығы:

- Өнімнің жиырмадан артық түрін шығарамыз. Салқындатылған және мұздатылған құс еті бар. Тапсырыс көлемі көп. Бүкіл Қазақстан бойынша саудалаймыз. Сонымен қатар экспортқа, яғни Ресейге жібереміз.

Кәсіпорынның ісін ілгерілету үшін инвесторлар 5 млрд 800 млн теңге жұмсамақ. Тұралап қалған сою цехы, құс қоралары мен құрама жем зауытының жұмысы жанданды. Осы ретте бірнеше қаржы институты қолдау танытты.

Александр Коростылёв, «POULTRY-AGRO» ЖШС даму жөніндегі директоры:

- Кәсіпорынның жағдайы өте ауыр болған. Кепілдік құны төмен бағаланды. Біз «ҚазақЭкспорт» ұсынған шараларға арқа сүйеніп, сақтандыру қарызын қолдана алдық.

Қазір құс қораларында жарты миллионға жуық бройлер бар. Тауықтар тек табиғи жеммен қоректенеді. Демек, экологиялық таза өнім алынады деген сөз. Өндірістің жылдық қуаттылығы 12,5 мың тонна ет болады. Егер ішкі және сыртқы нарықтың ауқымы кеңейсе, аталған көрсеткіш 20 мың тоннаға жеткізілмек.

Авторлар: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы