Республикалық бюджет тапшылығы жыл сайын ұлғайып келеді

Республикалық бюджет тапшылығы жыл сайын ұлғайып келеді. Оны әлі күнге Ұлттық қор есебінен жабамыз. Соған қарамастан тиімсіз жұмсалатын және игерілмейтін қаражат көп.

Депутаттардың айтуынша, бюджеттік бағдарламаға жауаптылар көрпеге қарай көсілуді ұмытқан. Квазимемлекеттік субъектілерге республикалық бюджеттен қыруар қаржы бөлінеді. Тек былтырдың өзінде 817 миллиард теңгеден асқан. 25 квазимемлекеттік компанияны тексеру қорытындысында Есеп комитеті шамамен 380 миллиард теңгенің заң бұзушылықтарын анықтады. Үкіметтен жауапты тұлғаларға қатысты тиісті шара қабылдау және болашақта мұндайдың алдын алу қажеттігі талап етілді. Кейінгі 5 жылда республикалық бюджеттің шығыстары 2 есеге өсті. Былтыр 44 проценті «таза кірістер» есебінен жойылды. Қалғаны Ұлттық қор трансферттері және сыртқы қарыздар арқылы өтелді.