424,15 504.60 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы облысында шыны және пластикалық құбыр шығаратын зауыт ашылды

  • 141
  • UPD: 21:57, 18.06.2021

Жаңа өнім, жаңа технология. Алматы облысының Іле ауданында шыны-пластикалық құбыр шығаратын зауыт іске қосылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кәсіпорынның ашылуына ресейлік бизнесмендер инвестиция құйып, қолдау білдірген. Көрші мемлекеттің кәсіпкерлері жаңа өнім Қазақстан нарығында сұранысқа ие болады деген сенімде.

Зауыт құрылысы осыдан екі жыл бұрын басталған. Бірақ індетке байланысты мерзімінде қосудың реті келмепті. Дегенмен, биыл карантин талаптары жеңілдеп, екі ел арасындағы алыс-беріс қайта жанданған соң жұмыс қайта жүрген. Зауыт жылына 350 мың шақырымға жететін шыны-пластикалық құбыр шығарады. Бұл шамаммен 2,5 миллиард теңгенің өнімі. Кәсіпорын директорының айтуынша, толық қуатына жарты жылдан соң көшеді.

Қадырбек Шәкенов зауыт директоры:

- Біз шығаратын құбыр түрін негізінен мұнай шығарумен, өңдеумен айналысатын кәсіпорындар қолданады. Шыны-пластикалық құбырлар жоғары қысымға арналған. Қанша жыл жатса да шірімейді. Оған кепілдік береміз. Оның үстіне құбырды дәнекерлеудің қажеті жоқ. Бір-біріне бұрап жалғана береді. Бұдан былай отандық мұнай өндіруші кәсіпорындар өз елімізде жасалған материалдарға басымдық береді деген сеніміміз бар.

Қазір зауытта 60-тан аса адам жұмыс істейді. Барлығы дерлік сол маңға жақын ауыл тұрғындары. Ресей жағы да кәсіпорын өнімі нарықта сұранысқа ие болады деп жоспарлап отыр. Құйылған инвестиция көлемі 800 млн теңгеге жуық.

Юрий Мельник, Қазақстандағы РФ Елшіілігінің аға кеңесшісі:

- Қазақстан мұнай өндірісін дамытып жатқан ел. Сондықтан біздің компания қазақ елінің нарығына шығу туралы шешім қабылдады. Біз жеткізуші ғана емес, өндіруші ретінде жұмыс істейтін боламыз. Пандемияның кесірінен жобаны жүзеге асыру біраз кейін шегерілді. Десе де, алдағы уақытта жағдай жақсарады, деген үміттеміз.

Шыны-платискалық құбыр шығарудың технологиясы Ресейге тиесілі. Басты кәсіпорны Татарстанда орналасқан. Ал, қондырғылар мен құрал-жабдықтар түгелімен дерлік АҚШ-тыкі. Алдағы уақытта жоба жетекшілері жаңа технологиямен жасалған құбырды экспортқа шығаратын жоспары бар.

Авторлары: Қарлығаш қайыпбекова, Әбен Нарынбаев

Хабар 24 телеарнасы