Қазақстанның Ұлттық қор жинақтары азайып келеді

Биыл елде 2 ет комбинаты мен 5 бірдей құс фабрикасы салынады.

Премьер-министр Асқар Мамин Парламенттің бірлескен отырысында осылай деп мәлімдеді. Азық-түлік қауіпсіздігі деңгейін арттыру жұмысы белсенді жүріп жатыр. 29 негізгі тауардың 11-і 100% өзімізде өндіріледі, ал 12 тауар бойынша 80%-ін қамтамасыз етеміз. Қалғаны сырттан тасымалданады.

Қазақстан азық-түліктің 6 түрін сырттан тасиды. Әлеуметтік маңызы бар өнімдер кейде тапшы болып, қымбаттап кететіні сондықтан. Соның бірі – қант. Тауық еті де солай. Құс фабрикаларының аздығы сыртқы нарыққа тәуелділікке әкеліп отыр. Министрлер кабинеті «бұл мәселені 2024 жылға қарай толық шешеміз» дейді.

***

А.Мамин: Өңдеуші сала экономиканың негізгі драйвері

Былтыр елде іскерлік белсенділік айтарлықтай төмендеген. Республикалық бюджеттің атқарылуында кемшіліктер де көп болды. Министрлер кабинеті жалпы ішкі өнімнің 2,6%-ке төмендегенін алға тартады. Карантиндік шаралардың енгізілуінен көбіне-көп қызмет көрсету саласы зиян шеккен.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

- Биыл Қазақстан экономикасы белсенді түрде қалпына келуде. Бес айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсімі 1,6%-ті құрады. Экономиканың барлық салаларында оң өсім байқалуда. Республика бойынша өңдеуші өнеркәсібі экономиканың негізгі драйверлерінің бірі болды. Соның ішінде машина жасау, химия өнеркәсібі, фармацевтика және жеңіл өнеркәсіп жоғарғы өсімді көрсетті.

***

Ұлттық қор жинақтары азайып келеді

Ұлттық қордан берілетін трансферттер де жылдан-жылға өсіп келеді. Келешек ұрпақ үшін қажетті қор үнемі бюджеттің бір бүйірін толтыруға жұмсалады.

Марат Құсайынов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұл мәжбүрлі шаралар. Қазірдің өзінде ұлттық қор жинақтары төмендеп жатыр. Осыған байланысты бюджет тапшылығын қысқарту бойынша нақты шаралар қабылдау керек. Бұл үшін шикізаттық емес саладан қосымша кірістердің жинақталуын қамтамасыз ету керек.

Ол үшін депутаттар салықтық шараларды цифрландырып, тиімсіз жеңілдіктерді жоюды ұсынып отыр. Ең алдымен өндіріс, оның ішінде шикізат пен шикізаттық емес салаларға түбегейлі өзгеріс қажет.

Айта кетейік, республикалық бюджеттің тапшылығы биыл да 1,5-2 трлн теңге шамасында. Үкімет оның жартысын Ұлттық қордан, қалғанын сыртқы қарыз есебінен алып отыр. Бюджеттік кірістер артпаса, жағдайдың түзелуі екіталай. Енді Үкімет қандай қадамға барады? Кейбір салық жеңілдіктері жойыла ма? Министрлер кабинеті осы мәселе төңірегінде ойлануға тиіс.

Авторы: Рауан Мыңбаев

Сондай-ақ...