Маңғыстауға Ақмола облысынан 10 вагон арпа жеткізілді

Мал азығы өңірдегі 4 аудан мен Жаңаөзен қаласының шаруаларына тең бөлінеді. 1 кәсіпкерге 100 қаптан артық сатылмайды. Құны нарықтағы бағадан 20 теңгеге арзан. Ал шаруалар бұл бағаны қымбат көріп отыр. Әлі де арзандатса дейді. Маңғыстауда қуаңшылық салдарынан соңғы 3 айда 1400 бас мал қырылып қалды. Салдарынан жергілікті шаруалар шығынға батып, қолындағы төрт түлігін жаппай сатуға шығарды.

Биылғы қуаңшылық Ырзабек Атшыбаевқа ауыр соқты. Жер бусанған наурызда малдары көтерем күйге түсіп, қозы-лақтары өлі туылған. Қаужаңдаған 200 шақты төрт түлігі жұтаң топырақты жалап, қу тақыр даладан тіске басар ештеңе таппаған. Енді малы ашығып, арам өле ме деп алаңдайды.

Ырзабек Атшыбаев, шаруа қожалығының иесі:

- Жағдай қиын. 2-3 жылда жауын-шашын болмағасын жердің ешқандай мүмкіншілігі жоқ, малдарда. Бүйте берсе, бағып отқан малдан айырылып қалатын түріміз бар. Жем-шөппен көмектессе қиыншылықтан шығатын түріміз бар. Алдымыз күз келе жатыр, қысқа дайындық жасау керек. 

Шаруалардың айтары бір. Соңғы 3 жылда жаңбыр жаумай, далада төрт түлікке талғажау болатын шөп шықпады. Салдарынан мал азығын қымбатқа сатып алуға мәжбүр. Мәселені шешу үшін облыс қазынасынан 200 млн теңге бөлініп, жедел штаб құрылған болатын. Әзірге атқамінерлер уәде еткендей, 10 вагон арпа жеткізілді. 620 тонна арпаның 1 келісі 92 теңгеден сатылуда. Ал аймақта арпаның орташа бағасы 112 теңге. Ал өзге өңірден жеткізілген мал азығы құны 20 теңгеге ғана арзан. Алғашқы партияны кәсіпкерлер ала бастады. Алайда бағаны әлі де арзандатса дейді шаруалар.

Қуанғазы Тұрақбаев, кәсіпкер:

- Мына келіп жатқан 2 вагон арпа аздық қылады. Қазірдің өзінде міне 100 мешок алып отырмыз. 100 қап мысалы, маған 40 күнге жетеді. Бағасы 92 теңгеден болғанымен кішкене жоғары болып тұр. Одан да төмен болса жақсы болар еді.

54 млн теңге қаражатқа алынған арпа 4 аудан мен Жаңаөзен қаласының шаруаларына тең бөлінді. Бір кәсіпкерге 100 қаптан артық сатылмайды. Облыстағы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының мәліметінше, аймаққа келесі айда тағы 1 мың 96 тонна арпа жеткізіледі.

Амантай Жарылғапов, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының бас маманы:

- Мынау бастамасы. Осы 637 тоннаны бүкіл халыққа таратқаннан кейін бұдан түскен қаражатқа 1 096 тоннасын келесі айда алдырамыз. Әр аудан бойынша 2 вагоннан бөлінді. Жаңаөзенге, Түпқарағанға, Мұнайлыға, Маңғыстау ауданына 2 вагон.

Сондай-ақ келесі айдан бастап жыл соңына дейін Маңғыстау облысындағы бес ауданға 2200 тонна жалпы мал азығы сатып алынбақ. Ал Ақтөбе облысы көмек ретінде өздерінің бірнеше аудандарынан шабындық жерлерін пайдалануға берді. 

Әйгерім Ашықбаева, Саламат Бекбаев