Депутаттар цемент импортына шектеуді алып тастауды талап етті

Мемлекеттік органдардың бағаны тұрақтандыруға қатысты қабылдаған кей шешімдері керісінше нарықтағы жағдайды тым шиеленістіріп жіберді.

Мұның картоп, сәбіз бағасына ғана емес, құрылыс материалдарының құнына да қатысы бар. Мысалы, сәуірден бастап Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі шетелден цемент әкелуге тыйым салды. Нәтижесінде ақысы төленіп қойған жүк көліктері кеденнен кері қайтарылды. Ал ішкі нарықтағы баға бірден 35 процентке қымбаттады. Бұл дерек бүгін Мәжіліс қабырғасында көтерілді. Перуашевтің айтуынша, құрылыс материалдарының бағасы 60 процентке, ал машина жасау мен металл өңдеуде 80 процентке өсті.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Құрылыс маусымы қызған кезде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі импортқа қойылған тыйымды дереу алып тастау керек. Ал қажет болған жағдайда оны кедендік баждармен алмастырған жөн. Біз ведомство басшылығымен үш апта бұрын сөйлестік, содан кейін БАҚ цемент импортына шектеудің жойылатыны туралы хабарлады. Бірақ бұл бұйрықтың жобасына қатысты әлі де келіссөздер жүріп жатыр. Ал құрылыс үшін күткен әрбір ай жаңа қаржылық шығындарға тең. 

Артынша жауапты ведомство цемент импортына қайта рұқсат бергендерін айтып ақталды. Бағаны түсіру үшін зауыт басшыларына арнайы талап қойып отырған көрінеді.

Марат Қарабаев, ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитетінің төрағасы:

- Біз зауыттармен кездескенде екі нәрсені айттық. Біріншіден, біз сіздерді қолдадық, дегенмен, импортқа рұқсат береміз, ал егер ішкі нарықтағы баға тұрақталмаған жағдайда онда біз цементтің экспортқа шығуына шектеу қоюымыз мүмкін. Сондай шараларды алдағы уақытта қабылдайтын боламыз. Бұл халықты өзіміздің отандық тиімді бағамен, отандық цементпен қамтамасыз ету үшін атқарылып жатқан шаралар.