Саран қаласында Yutong маркалы автобус пен арнайы техника өндіретін зауыт ашылды

Еліміздің автобус парктері жаңа көліктермен толығады. Қарағанды облысының Саран қаласында «Yutong» маркалы автобустар мен арнайы техника өндіретін зауыт ашылды. Жобаны «Qaztehna» ЖШС еліміздегі автобус паркін жаңғырту бағдарламасы аясында жүзеге асырып отыр. Зауытта 1 мың адам жұмыспен қамтамасыз етіледі.

Сарандағы бұл зауыттың қуаты зор. Жылына 1200 автобус пен 500 бірлік арнайы техника шығаруға қауқарлы. Мұнда қазір 500 қызметкер еңбек етеді. Бәрі арнайы сала бойынша білімін жетілдірген. 

Арғұлан Майконов, «Qaz Techno» ЖШС Бас директоры:

- Біздің цехта қазір 200-ге жуық жоғары дәлдікпен жасайтын құрылғы бар. Қызметкерлеріміздің бәрі бұл техниканы жақсы меңгерген. Сондай-ақ коммерциялық техниканы шығаруды да жоспарлап отырмыз. Сұранысқа сай самосвалдар, жол-құрылыс техникасын, әртүрлі жүк тиегіштер мен жедел жәрдем көлігін шығару ойда бар.

Зауытта құрастырылатын автобус бөлшектері Қытайдың «Yutong» компаниясынан әкелінеді. Ал мұндағы мамандар құрастыру, дәнекерлеу және бояу жұмыстарын еппен жасайды.

Нұржан Исахмет, бояу цехының басшысы:

- Цех жаңа ашылып жатыр ғой. Мамандарды штат бойынша жинап үлгірмедік. Қазір бізде 60-қа жуық адам жұмыс істейді. Штат бойынша 130 адам жұмыс істеуі керек. 70-ке жуық адам жақын арада жиналады деп сенеміз.

Бүгінде зауыт 300 техникаға тапсырыс алған. Ал жыл соңына дейін 600 автобус шығаруға ниетті. Осылайша еліміздің әр өңірінде Қазақстанда шығарылған автобустар жүйткитін болады.

Автор: Айнұр Қуатқызы