Швейцария 30 жылда Қазақстан экономикасына 30 млрд доллар инвестиция құйды

Өткен 30 жылда Швейцария Қазақстан экономикасына 30 миллиард долларға жуық қаражат құйды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір елде Еуропа мемлекеті капиталы арқасында 400-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Швейцарияның іскер топтар өкілдері қатысқан кездесуде айтты. Басқосуда екіжақты экономикалық қарым-қатынасты нығайту жайы қозғалды.

Мемлекет басшысы Швейцария Конфедерациясы Қазақстанның Еуропадағы маңызды сауда-экономикалық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. «Былтыр екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 1,7 миллиард доллар болды», - деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев инвесторларға Қазақстан жасыл технологиялар, қоршаған орта мен қаржы саласын қорғауға байланысты жобаларға басымдық беретінін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қарым-қатынастарымыз бен ынтымақтастығымызда белгілі бір жетістіктер бар деп санаймын. Сонымен қатар мұны одан әрі дамыту үшін әлеуетіміз де жеткілікті. Қазақстан тікелей инвестиция тарту үшін еліміздегі инвестициялық климаттың мейлінше қолайлы болуына барлық мүмкіндікті жасайды. Қазақстан – аймақтағы экономикасы ең ірі мемлекет. Біздің мақсатымыз – аймақтағы жетекшілік орнымызды сақтап қалу. Сонымен қатар экономикамызды әртараптандыруға байланысты мәселелерді шешу керекпіз.