Демалыстан кейін теңгенің әлсіреуіне не әсер етті?

Мереке күндері сыртқы нарықтарда жағдайдың қалай қалыптасқанын және демалыс күндерінен кейін теңгенің серпініне қандай факторлар әсер еткенін Ұлттық банктің Монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов түсіндірді.

– Ұзақ демалыстан кейін теңгенің әлсіреуіне не әсер етті? Сыртқы нарықтардағы жағдай қалай қалыптасты?

– Ұлттық валютаға сыртқы факторлар теріс әсер етеді. Оның ішінде негізгісі ағымдағы мұнай бағасының жоғары құбылмалылығы болып табылады.

Сауд Арабиясы бастаған ОПЕК+-ке қатысушы елдер БАӘ-нің базалық өндіру деңгейін тәулігіне 3,2 млн баррельден 3,8 млн баррельге қайта қарау туралы талаптарына байланысты биылғы жылғы тамыз–желтоқсан аралығында мұнай өндіру көлемін бір айда 400 мың баррельге арттыру туралы ымыраға келе алмады. Сауд Арабиясы энергетика министрінің мәлімдемесі бойынша, ОПЕК+ альянс БАӘ-ға арналған қағидалардан ерекше жағдай жасай алмайды.

Ымыраға келмеу тамыз айында күтілетін өндірістің ұлғаюының болмайтынын білдіреді, нәтижесінде Brent маркалы мұнай бағасы 2018 жылғы қазаннан бастап алғаш рет бір баррель үшін 77 АҚШ долларынан асты. Комитеттің одан әрі шешіміне және жаңа баға соғысының туындау тәуекелдеріне қатысты белгісіздік аясында нарыққа қатысушылар мұнай бойынша позицияларды белгілей бастады, бұл бағаның бір баррель үшін 74 АҚШ долларына дейін төмендеуіне алып келді. Ақ үйдің хабарлауынша, АҚШ Әкімшілігі комитеттің жоғары лауазымды мүшелерімен келіссөздер жүргізіп, өндірісті ұлғайту туралы шешімді қолдайды.

Алайда біраз уақыт өткен соң ОПЕК+ ішіндегі келіспеушіліктерді бағалап, нарыққа қатысушылар жаңа баға соғысы туындау тәуекелі ұлғаюда деген қорытындыға келді, бұл мұнай бағасы бір баррелі үшін 74 долларға дейін төмендеуіне әкелді.

Инвесторлардың жаһандық тәуекел-сентименті нашарлауы теңгеге қысым көрсететін қосымша фактор болып табылады. Атап айтқанда, Covid-19 дельта-штамы таралуына байланысты қауіптену өсті. Мәселен, Азияның кейбір елдері карантин шараларын қайтадан қатаңдатуға мәжбүр болды: Малайзияда локдаун ұзартылды, Индонезияда сауда орталықтары уақытша жабылды, Тайландта мейрамханалардың жұмысы шектелді.

Нәтижесінде дамушы нарықтардың көбі үшін аптаның басы жағымсыз болды: Бразилия реалы 2,8% әлсіреді, Ресей рублі 1,6%, Мексика песосы 1,2%, Оңтүстік Африка ранды 0,6% әлсіреді. Әлемдік қор индекстері де теріс серпін көрсетуде (S&P 0,2%, Dow Jones 0,6% төмендеді), қауіпсіз активтерге сұраныс өсуде – алтын аптаның басынан бері 0,6% өсті (трой унциясы үшін $1797,96 дейін), доллар индексі (DXY) 0,3%, Жапон иенасы 0,4% нығайды.

Мұнай бағасының тұрақсыз серпіні, жаңа штамдардың таралуы мен Covid-19 пандемиясы ЕМ валюталарына, оның ішінде теңгеге қысым көрсетуін жалғастыруда. Ұлттық Банк сыртқы нарықтардағы ахуалға мониторинг жүргізуді жалғастыруда, тұрақсыздандыратын және алаяқтық құбылмалылық жағдайында валюталық өктемділік жүргізу құқығын сақтауда.