Қостанай облысындағы ауыл тәулігіне тоннадан астам қымыз даярлайды

Қостанай облысында қымыз сатуды кәсіп қылып, нәсібін көріп отырған ауыл бар. Ол  Құмкешу елді мекені. Бұл ауылда күніне бір тоннадан астам ұлттық сусын даярланады. Еліміздің өзге аймақтарынан осы жердің қымызын іздеп келетіндер де баршылық. 

- Былай байлап қоясың. Сол кезде теппейді артқы аяғымен. Бұнымен де тебетіндер бар. Бірақ бұлар кішкене үйренгендер ғой.

Біз таңғы сауынның үстінен түстік. Күніне бес рет бие сауатын Розаның мойын бұруға уақыты жоқ. Себебі жылқыны тез арада сауып қоймасаң, тыпыршыған құлыннан маза кетеді. Ал Князовтар жанұясы жалпы жиырма бие байлап отыр.

Роза Князова, Құмкешу ауылының тұрғыны:

- Алты жарымнан тұрып айдап келуге кетеді. Сол келгенде жеті-жеті жарым кезінде байлаймыз. Сол екі жарым сағаттан сауамыз. Мысалы, 40 литрдің бәрін сатпаймыз. Бізге келгенде қонаққа құямыз. Енді қонақты қарсы алып. Көбіне айтады ғой жылқы малын ұстаған адам үйіне кісі көп келеді деп. Сол енді қымызға келеді ғой.

Құмкешу қымызы қоспасыз әрі бұрынғы тәсілмен дайындалады. Отағасы Болат сусынды қайыңмен ысталған күбіге құйып баптайды. Сөйтіп, тәулік бойы пісіреді.

Болат Князов, Құмкешу ауылының тұрғыны:

- Мен мұны бастағаныма бес жыл болды. Ең бірінші байлағанымда келіншегім аяғы ауыр болып, аурухана түсіп ауырды. Кәдімгі мына дәретханаға барып келгенде қысымы көтеріліп кететін. Күнде дәрігер біздің үйде. Сол үлкен кісілер ақыл айтып бие сүтінен жақсарады деп. Содан бие байлап, сүтін ішкен. Тьфа-тьфа нәтижесі шықты. Жақсарды содан. 100 процент кепілдік бере аламын бие сүті ем екеніне.

Ауылдағы әр бесінші үй қымыз өндірісін кәсіпке айналдырып отыр. Халық күнделікті ұлттық сусынның 700 литрін саудалайды. 

Рамазан Рахметов, Құмкешу ауылының тұрғыны:

- Сату 10 жыл көлемінде. Бұған дейін қымыз сату болған жоқ. Жалпы өзімізге ішіп тұтыну үшін сауылды. 

Қымыз өтімді тауар. Оның үстіне былтырғы ауруларда сұраныс өте көп болды. Жалпы қазақтар денсаулыққа пайдалысын біле тұра сауған ғой. 

Асылан Исмайылов, Құмкешу ауылдық округінің әкімі:

- 16 үй бие сауады. Ең көбі 34 бие, ең төмені 9-7 биеге дейін сауады. Халық та бір жағынан өзін жұмыспен қамтып отыр түгел. Өздері сауыншыларына округте төлеп отыр 100 мың теңгеден. 

Нұржан Сейілханов та қымыз сатып, кәсібін дөңгелеткен. Жол бойындағы құмның үстіне киіз үй тігіп, қымызхана ашып қойған. Келушілер ұлттық сусынға шөл қандырып қоймай, қазақтың дастарханынан табылатын сан түрлі тағамдардан да дәм тата алады. 

Нұржан Сейілханов, кәсіпкер:

- Қымыз дегенде өзімде байлап отырған жылқы жоқ. Сол себепті ауылдан тұрғындардан сатып аламын. Күніне 30-40, кейде 70-80-ге дейін келеді адам. Жол-жөнекей Торғай, аң аулауға өтіп бара жатады. Кейде Арқалықтан, Қостанайдан арнайы келетін адамдар бар. Құмға түсіп. Киіз үйге тамақ ішіп, фотоға түсіп кетуге арнайы келетіндер. 

Биыл қымызхананың аясы кеңейіп, екінші киіз үй тігілді. Осылайша ауданда этнотуризм кең қанат жайып келеді деуге негіз бар. Алдағы уақытта осы жерде қонақүй ашылады деген жоспар бар. 

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров