Денсаулық сақтау жүйесін дамыту жөнінен Қазақстан нешінші орында тұр?

Денсаулық сақтау жүйесін дамыту бойынша Қазақстан Нумбео рейтингінде 95 елдің ішінде 58-орында тұр.

Сарапшылар еліміздегі медициналық қызмет сапасын 59 процентке бағалап отыр. Оған кадрлардың біліктілігі, емдеу мекемелерінің жабдықталуы, ем-дом құны сынды бірқатар талаптар кіреді. Бұл ретте ТМД елдері ішінде Ресей, Украина, Беларусь, Әзербайжаннан көш ілгері екенбіз. Ал үздіктер қатарын Тайвань, Оңтүстік Корея, Франция құрайды. Медицинасы кенжелеп қалған ел Венесуэла деген болжам жасалған. Айта кетейік, елімізде алғашқы үш айда денсаулық сақтау саласында 546 млрд теңгенің қызметі көрсетіліпті. Басым бөлігін Алматы тұрғындары алған. Дәрігердің көмегіне сирек жүгінетіндер Солтүстік Қазақстан облысында тұрады. Сондай-ақ биыл халықтың емге деп өз қалтасынан шығарған шығыны 31,5 процентке артқаны байқалады.