Қазақстанда азық-түлік тауарлары бір жылда 10,6% қымбаттады

2021 жылғы маусымда инфляция 1,1% құрады (мамырда – 0,7%).

Азық-түлік тауарларының бағасы бір айда 1,7% (мамырда 0,8%), азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы 0,8% (мамырда 0,6%), ақылы қызметтер 0,7% өсті (мамырда 0,7%). Жылдық инфляция 7,9% құрады (мамырда 7,2%).

Өңірлер бойынша айлық инфляцияның жеделдеуі 14 өңірде, баяулауы 2 өңірде байқалып, 1 өңірде бағаның өсу қарқыны өзгеріссіз қалды. Бағаның өсу қарқынының баялауы мен өзгеріссіз қалуы өткен айдағы ең жоғарғы өсім (1,0%) орын алған өңірлерде тіркелді. Маңғыстау облысында бағаның өсу қарқыны өзгеріссіз қалды (1,0%), ал Жамбыл және Түркістан облыстарында сәйкесінше 0,8% және 0,9%-ке дейін баяулады. Маусым айында инфляцияның ең жоғары ұлғаюы Шығыс Қазақстан (1,5%), Атырау (1,5%) және Солтүстік Қазақстан (1,4%), облыстарында орын алды. Жылдық инфляция 9 өңірде жалпы республикалық деңгейден жоғары болды, олардың ішінде ең үлкен мән Маңғыстау, Атырау және Ақтөбе облыстарында тіркелді (тиісінше, 8,9%, 8,8% және 8,6%).

Алматы қаласы мен Алматы облысы Қазақстан бойынша ТБИ өсуіне едәуір үлес қосуды жалғастыруда (тиісінше 1,2 п.т. және 0,9 п.т.), олардың ТБИ-де салмағы ең жоғары. Осы өңірлерде бағаның өсуі тиісінше 7,4% және 7,7% болды.

Қазақстанда азық-түлік тауарлары бір жылда 10,6% (мамырда 9,3%-ға) қымбаттады. Ең төменгі өсу Нұр-Сұлтан қаласында (8,6%), ең жоғары өсу Қарағанды (12,3%), Атырау және Шығыс Қазақстан (11,8% дан) облыстарында байқалды.

Ел бойынша азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы 6,9%-ке (мамырда 6,7%) өсті. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының ең жоғары өсуі Нұр-Сұлтан қаласында (7,7%), ең төмен өсуі Павлодар және Жамбыл облыстарында тіркелді (сәйкесінше 5,9% және 6,2%).

Елімізде ақылы қызметтер 5,6% (мамырда 5,1%) қымбаттады, Ақтөбе облысында бағаның өсуі 8,8% құрады, Қарағанды облысында ақылы қызметтер бағасы айтарлықтай төмен қарқынмен өсті (4,5%).

Ақпарат көзі: Ұлттық банктің баспасөз қызметі