Маңғыстау облысының дамуы жіті назарда болмақ

Асқар Мамин Ақтаудағы туристік аймақтың даму барысын аңдап қайтты.

Мұнда қыркүйек айында гольф клубы, сауда нысандары, виллалар мен заманауи қонақ үйі ашылмақ. Сондай-ақ премьер қосымша су таратқыш пен кәріз коллекторының құрылысын көрді. Бұл нысандар қазан айында іске қосылуға тиіс. Премьер-министр бұл ретте тиісті инфрақұрылымдық жұмыстарды уақытылы аяқтауды тапсырды.

Бұдан бөлек, Үкімет басшысы бекіре тұқымдас балық өсіретін зауыттың құрылысы, балық жемі өндірісі және инкубациялық цех кешенінің жобасымен танысты. Сапар кезінде еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту мәселесі де қаралды. Мәселен, бүгінде бірінші санаттағы Ақтау-Әуежай автокөлік жолы салынып жатыр. Оның құрылысы қаладағы жолдарды жаңарту ісімен бірге күзге дейін аяқталуға тиіс. Премьер-министр сапар соңында «Транстелеком» акционерлік қоғамы ұсынған деректерді өңдеу орталығының жұмысымен де танысты.