Қазақстан ресейлік ұшақты шығару өндірісіне қатысады

«Қазақстандық авиациялық индустрия» компаниясы «Байкал» жаңа ұшағын жасауға қатысады.

Компания «Урал азаматтық авиация зауытынан» әзірлеуші кәсіпорынның жарғылық капиталының 20 процентін сатып алған. Келісімге Мәскеу маңындағы Жуковский қаласында өткен Халықаралық авиациялық-ғарыштық салон аясында қол қойылды. Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін 2 ел азаматтық авиақұрылыс саласында алғаш рет бірлескен шартқа отырды. Ортақ жобаға Қазақстан тарапы 1 миллиард рубль инвестиция құйды. Қазақстан конструкцияға қатысты барлық құжатқа қол жеткізіп, құрамдас бөлшектерді өндірушіге айналады, сондай-ақ аталған ұшақтарды өндіруге арналған лицензияны алады. «Байкал» ұшағы АН-2 әуе кемесін алмастырады деп күтілуде. Жаңа нұсқаның ерекшелігі көлемі шағындау, жылдамырақ және үстеме жанармай құймай ұзақ ұшады. Ұшырып көру сынағы биылғы жылдың, ал куәлік беру 2022 жылдың аяғына жоспарланған. 

Бейбіт Атамқұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі: 

- Халық шаруашылығына арналған осындай типтегі ұшақтар нарығына сенім артып отырмыз. Бірінші кезекте аймақтар арасында қатынау үшін және төтенше жағдай министрлігі мен ауыл шаруашылығында қолдануға болады. Бұл нарық үлкен. 

Вадим Бадеха, «Узга» АҚ Бас директоры: 

- Бұл жобаны іске асыруға көмек беруі үшін Қазақстанды нарық ретінде ғана емес, сондай-ақ өнеркәсіптік, ғылыми-техникалық әлеуеті зор әріптес ретінде қарастыруымыз керек. Бұл өте маңызды деп ойлаймын.