42500-ден қашан құтыламыз? Ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі көтерілмек

Елімізде еңбекақы мен оның жүйесін қалыптастыруға қатысты белгілі бір тұжырымдық жүйе жоқ.

Бұл туралы халықаралық дөңгелек үстел барысында айтылды. Жиынға Қазақстан кәсіподақ федерациясы мен Халықаралық еңбек ұйымдарының өкілдері онлайн түрде қатысты. Мамандар еліміздегі еңбек жүйесі мен оның қалыптасу жолдарын сөз етті. Сонымен қатар жалақыны жыл сайын заңнамалық тұрғыда индекстеу мәселесін көтерді. Кәсіподақ ұжымдық шарттар мен салалық келісімдердің құқықтық маңызы мен ролін көтеріп бекітуді көздеп отыр. Тек бұл мәселелердің бәрі заң жүзінде шешілуі қажет. Бұл үшін Кәсіподақ федерациясы талабы мен ұстанымын Үкіметке жібермек.

Сатыбалды Дәулеталин, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы:

- Бізде үш жылдан бері ең төменгі жалақы мөлшері өзгерген жоқ. 42500 теңге мөлшерінде тұр. Кәсіподақтар осы төменгі жалақыны кезең-кезеңімен ұлғайтуды көздейміз. Оны қандай мөлшермен ұлғайту керек дегенде. Бізде халықаралық еңбек ұйымының ұсынысы бар. Алдыға кеткен, дамыған елдерде қалыптасқан жағдай – ол сол ел бойынша бекітілген орта жалақының 50 процентінен төмен болмауы керек.