«Астық Транс» компаниясы Қытайға астықты кешенді түрде жөнелтуде

«Астық Транс» компаниясы Қытай Халық Республикасына қазақстандық астықты кешенді түрде жөнелту ісін қолға алды. Жүктің еш кедергісіз және қысқа мерзімде көрші елге жетуі үшін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен бірлесіп, арнайы жоба әзірлеген. Соған сәйкес, 24 шілдеде отандық астықтың алғашқы партиясы пилоттық тасымал ретінде контейнерлер жүк пойыздарымен ішкі Қытайға жөнелтіледі.

Қазақстанда өндірілген астық көршілес Қытай Халық Республикасына енді контейнерлермен жөнелтіледі. Алматы облысындағы құрғақ портқа шойын жолмен жеткізілген отандық өнім осы жерден контейнерге тиеледі. Мамандардың айтуынша, пандемия кезінде бұл өте қауіпсіз тасымал болмақ. 

Санжар Елюбаев, «Астық Транс» АҚ Президенті:

- Қытай тарапы контейнерлермен келген жүкті еш кедергісіз қабылдайды. Сондықтан бұл әдіспен тасымалданатын жүк көрші елдің қай түкпіріне де өте қысқа мерзімде жетеді. Бұл пилоттық тасымал құжаттарды фумигациялау, санитарлық зарарсыздандыру мен кедендік үдерістерге де оң әсер етеді. Қазақстандық астық бұдан былай Қытай нарығына үздіксіз жөнелтіліп тұратын болады.

«Астық Транс» компаниясы Қытай Халық Республикасымен қоса Орталық Азия, Таяу және Қиыр Шығыс пен Еуропа елдеріне де астық жөнелту ісін жолға қойды.   

 

Ерлан Қойшыбаев, «Қазақстан темір жолы» АҚ ҰК төрағасының логистика жөніндегі орынбасары:

- Біз Қазақстанның солтүстік өңірлерінен көрші елдің Ляньюньгань, Циндао, Сиань қалаларына астық шығаруды логистикалық тұрғыдан реттедік. Қазақстанда өндірілген астық Түркия мен Ресей нарығына да шығарылады.

«Астық Транс» компаниясы 2013 жылы құрылды. Оның жалпы вагон паркінде 6500 хоппер-астық тасымалдаушы бар. Жылына 6,5 миллион тонна астық тасымалдай алады. Компания 2020 жылғы пандемия кезінде де ішкі және сыртқы нарықты астықпен тұрақты түрде қамтамасыз етіп отырды.

Ардақ Айбарұлы, Гүлнар Жантасова, Қуаныш Түргенбаев