Адамдардың зейнетақы жинағын пайдалана алмауын БЖЗҚ олардың өзінен көрді

300 мыңнан астам адам зейнетақы жинағын пайдалана алмады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры олардың өтініштерін қабылдамаған.

Кінә кімнен? Қор өкілдерінің хабарлауынша, кінә адамдардың өзінен. Көбі өзінің жеке мәліметтерін дұрыс енгізбейді. Өтінішті дұрыс толтырмаған. 

Бүгінге дейін қазақстандықтардан зейнетақы жинағын пайдалануға 650 мыңға жуық өтініш түсті. Олардың негізінде отандастарымыздың шоттарына 1,6 триллион теңге аударылды. Тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған төлемдердің орташа сомасы 4 жарым миллион теңге.

Бұл қаражатқа 360 мың адам үй алған немесе бұған дейін алған ипотекаларын жапқан. 2 мыңнан астамы ақшасын инвестициялық компанияларға салған. Ал 41 мыңы денсаулығына көңіл бөлуді жөн санапты. Яғни олардың 82 проценті тіс дәрігерінің қызметіне жүгінген. Айта кетерлігі, зейнетақы жинағын әлі күнге дейін пайдаға жаратпағандар да бар.

Наргиз Мақажанова, қала тұрғыны:

- Әрине қазақстандықтар үшін өзінің зейнетақы жинағын пайдалану өте жақсы мүмкіндік. Біз бұл ақшаны өз еңбегімізбен таптық. Әсіресе тұрғын үй мәселесін шешкісі келетін адамдар бұл жаңалықты қуана қарсы алды деп ойлаймын. Мен әзірге өз қаражатымды пайдаланған жоқпын. Тағы біраз уақыт бойы ақша жинап, кейін оны тұрғын үй сатып алуға жаратқым келіп отыр.

Ал кейбір азаматтар қордағы ақшасының бір бөлігін кәдеге жаратқысы келгенімен пайдалана алмады. Зейнетақы қоры олардың өтініштерін қанағатттандырмаған. Себебі өтініш дұрыс толтырылмаған, яғни қордағы қаражат сомасы дұрыс көрсетілмеген немесе жеке мәліметтеріне қатысты қателіктер бар.

Гүлнұр Ағайдарова, «БЖЗҚ» АҚ Төлемдерді ұйымдастыру және хабарландыру департаментінің бас маманы:

- Салымшының уәкілетті органға берген өтінішінде алуға болатын сомасының қате көрсетілуі, оның ішінде қолда бар жинақтың мөлшерін асыра көрсетуі, жеке табыс салығын төлеу тәсілін таңдау кезінде алуға болатын соманың дұрыс көрсетілмеуі, сонымен қатар салымшының зейнетақы қорына өтінішті қайталап беруі, сондай-ақ өтініште инвестициялық табыстың нарықтық ауытқуына байланысты зейнетақы жинақтарындағы сомасындағы өзгеріс ескерусіз қалдырып, өтінішке салымшы сомасы қате көрсетіледі.

Мамандардың айтуынша, зейнетақы қоры аударған қаржы арнайы шотта тек 45 күн ғана сақталатынын білген жөн. Бұл ақша кейін жоғалып кетпейді. Зейнетақы қорына қайтарылады. Дәл осылай 194 миллиард теңге қолданылмай қалған. Оны алу үшін қайтадан өтініш жазуға болады.

Дариға Ташенова, Марат Диханбаев