Маңғыстау облысына өзге өңірлерден әкелінетін шөп бағасы арзандады

Маңғыстау облысына өзге өңірлерден тасымалданып жатқан шөптің бағасы арзандады. Қазір Мұнайлы және Түпқараған ауданында сатылымдағы 1 тук шөп шамамен 1000 теңге тұрады. Бұл нарықтағы бағадан 500 теңгеге төмен.

27 шілде күні Ақшұқырға Ақтөбе облысынан 800 тук шөп жеткізілді. Бұған дейін бір данасы 1200-1400 теңгеден сатылып келген еді. Қазір 900 теңге. Үстіндегі шығыны әкімдік жанынан құрылған қор есебінен өтеледі. Түпқарағанға қарайтын ауылда 24 шаруа қожалығы бар. Аймақта қуаңшылық басталғалы бері көрші өңірден 3 мың тонна шөп тасымалданған.

Есен Несіпбай, ауыл тұрғыны:

- Бұрын жоңышқаны 2 жарым мыңнан алып жүрдім. Ақтөбеден келетін жусан араласқанын 1400-ден алып жүрдім. Мынау енді 900-ден, тиімді.

Құлберген Сүйінов, ауыл тұрғыны: 

- Адам басына 20 туктан беріп жатыр. Қолжетімді бағамен. Әрі қарай да жалғаса берсін деймін. Жем жағын көбірек әкелсе екен деп тілейміз.

Ал Мұнайлы ауданында тасымал шөптің бағасы өткен аптадан бері арзандаған. Мұнда 178 шаруа қожалығы мен 436 үй шаруашылығы төрт түлік басын көбейтіп отыр. Шөпке сұраныс жоғары. Күні кеше Ақтөбе облысынан тағы 2800 тук жеткізілді. 

Мақсат Созақбаев, «Мұнайлы ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі» ММ басшысының міндетін атқарушы:

- 1400 теңге тұратын шөптің 400 теңгесін төлеу арқылы тұрғындарға, шаруа қожалық иелеріне 1000 теңгеден сатылып жатыр. Бұл бізде 23 шілде күнін басталып кетті. Сол басталған күннен бастап 1278 тук сатылды.

Осы апта Батыр және Баянды ауылында шөп арзан бағамен сатылады. Қалған 3 ауданда бұл жұмыстар жуық арада басталуы тиіс. Айта кетейік, қуаңшылықта малынан айырылған шаруаларды қолдауға өңір бюджетінен 200 млн теңге бөлініп, жедел штаб құрылды. Таяуда Ақмола облысынан 10 вагон арпа келді. 54 млн теңге сатып алынған 620 тонна арпаның 1 келісі 92 теңгеден сауданып жатыр. Келер ай тағы 1000 тонна жеткізіледі. 

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев