Қазақстанда өсімдік майы бір жылда 60%-ке қымбаттады

Жаздың басында бір литр өсімдік майы 713 теңге тұрса, қазір оның бағасы тағы да өскен. Елордадағы кейбір азық-түлік дүкендерінде аталмыш тауар құны 900 теңгеге дейін жетеді. Ал рафинадталған сұйық май өндірісі 37%-ке ұлғайған деп хабарлайды energyprom.kz. 

Майдың бұл түрі негізінен Шымкентте шығарылады. Өндірістің 45%-ті осы өңірге тиесілі. Екінші және үшінші орында Шығыс Қазақстан облысы мен Алматы орналасты. Ал рафинатталмаған май өндірісі биыл 6%-ке өскен.  Өнімнің осы түрі негізінен Шығыс Қазақстанда шығарылады. Жалпы өндірістің 72%-ті осы өңірдің еншісінде. Рафинадталмаған май өндірісі бойынша үштікке Қостанай және Ақтөбе облыстары кіреді. Жалпы биыл жарты жылда елімізде 93 мың тонна рафинадталмаған өсімдік майы өндірілген.

Жарты жылда жарты миллионға жуық жолаушы шетелге ұшқан

Биыл жарты жылда отандық әуе компаниялар 4 миллионға жуық жолаушы тасымалдаған. Оның 3,5 миллионға жуығы ішкі рейстерде тіркелсе, 500 мыңдай адам халықаралық әуе қатынасы қызметін пайдаланыпты. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады. COVID-19 пандемиясына байланысты әлем бойынша әуе қатынастары біршама қысқарды. Жолаушылар ағыны да айтарлықтай азайды. Мысалы, 2020 жылы отандық әуе компаниялары 5 миллионнан астам адамды тасымалдаған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 27 процентке аз. Бірақ отандық тасымалдаушылар жыл аяғына дейін бұл көрсеткіштер артып, жолаушылар ағыны 9 миллионнан асады деген сенімде. Бұл карантинге дейінгі көрсеткіштерден де көп екенін айта кеткен жөн.