424,92 504.32 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Әсет Ерғалиев: ШОБ субъектілері 1 трлн теңгеден аса жеңілдікпен қаржыландыруға ие болды

  • 172
  • UPD: 11:40, 03.08.2021
Әсет Ерғалиев: ШОБ субъектілері 1 трлн теңгеден аса жеңілдікпен қаржыландыруға ие болды

Бүгін премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткізілген Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев биылғы шағын және орта бизнесті қолдау шаралары туралы баяндады.

«Биыл бірінші жартыжылдықта 1 трлн теңгеден астам сомаға 31 мыңнан астам ШОБ жобасы жеңілдетілген қаржыландыруға ие болды», - деді Әсет Ерғалиев.

Бұдан басқа, экономиканың зардап шеккен секторларындағы кәсіпкерлерді қолдау үшін ШОК кредиттері қайта қаржыландырылып, экономикалық қызмет түрлерінің тізбесі айтарлықтай кеңейтілді. Субсидиялау мерзімі 3 айға ұзартылды. Бұл мақсатқа бюджеттен 18,4 млрд теңге бөлінді.

Ағымдағы жылғы шілдеде «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары шеңберінде жаңа бизнес жобаларын субсидиялау үшін бюджеттен қосымша 13,2 млрд теңге бөлінді. Екі бағдарламаны қаржыландырудың жалпы көлемі 186,3 млрд теңгені құрады.

Сондай-ақ шілдеде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының «Бастау-Бизнес» жобасының түлектеріне шағын кредит беру басталды. Ісін енді бастаған ауыл кәсіпкерлерінің 5 мың жобасын қаржыландыру жоспарлануда. Бұл мақсатқа 22,5 млрд теңге бөлінді.

2021 жылғы І жартыжылдықтағы қорытынды бойынша «Бизнестің жол картасы 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары шеңберінде жалпы сомасы 441 млрд теңгеге 12 447 жоба субсидияланды, 187 млрд теңге сомаға 10 788 жоба бойынша кепілдік берілді. Аграрлық кредит корпорациясы бағдарламалары шеңберінде 5,9 млрд теңге кредит сомасына 134 жобаға қолдау көрсетілді.

Салықтық ынталандыруларға келсек, ағымдағы жылғы 1 қаңтардан бастап зардап шеккен салаларда алынған табыстың 3% мөлшерлемесімен бөлшек салықтың жаңа арнайы режімі енгізілді. 2021 жылғы 1 сәуір мен 1 шілде аралығында зардап шеккен салаларда еңбекақы төлеу қорынан салықты кейінге қалдыру ұсынылды.

«Биыл 1 шілдеден бастап біз жаңадан құрылған өндірістік компаниялар үшін 70% мөлшерінде ҚҚС бойынша қосымша есепке алу құқығын бердік. Кәсіпкерлік субъектілерінің қызметкерлеріне берілген қорғаныш құралдарының құны ЖТС-тен босатылды», - деді Әсет Ерғалиев.

Министр бизнеске жүктемені түбегейлі төмендету, тиімді реттеу жүйесін қалыптастыру үшін кәсіпкерлік қызметті «таза парақтан» бастап реттеудің жаңа тәсілдері әзірленгенін атап өтті. Олар мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылының базалық қағидаттарын жетілдіруді, талаптарды белгілеу шарттарын, реттеушілік апелляция институтын, эксперименттік құқықтық режімді, міндетті талаптар тізілімін, есептілікті автоматтандыруды, мемлекеттік бақылауды жетілдіруді, бизнес үшін НҚА-ның кері күшін қолдануды болдырмауды көздейді. Тиісті заң жобасы Парламентте қаралуда.

Ұлттық экономика министрлігінің басшысы күрделі эпидемиологиялық ахуал жағдайында бизнестің толықтай жұмыс істеу мүмкіндігін сақтаудың негізгі тәсілінің бірі – Аshyq қосымшасын кеңінен пайдалану екенін атап өтті.

«Бұл бизнес үшін кәсіпкерлік қызметтен пайда алу және азаматтардың денсаулығын қорғау мақсатында бизнес-процестерді қайта құрудың жалғыз тәсілі. Біз осы мәселені кәсіпкерлер түсінеді және оған жәрдемдеседі деп үміттенеміз. Бизнестің Аshyq-ты қолданудағы адалдығы мен жауапкершілігі маңызды», - деді ҰЭМ басшысы.

Хабар 24 телеарнасы