Түркістандағы «жасыл белдеу» алғашқы жемісін берді

500 тоннаға жуық қауын мен қарбыз Нұр-Сұлтан мен Мәскеуге экспортталады. Бұл туралы Түркістан облысының әкімдігі мәлімдеді. Ал өңірдің жасыл белдеуінде суды үнемдеу технологиясымен бау-бақша егу жолға қойылып отыр. Алғашқы өнімді жинау рәсіміне қатысқан өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев диқан қауымға осындай тың тәсілдерді кеңінен қолға алуды ұсынды.

Мына жеміс ағаштары өткен жылы отырғызалған. Ол 3-4 жылдан кейін ғана өнім береді. Дегенмен, осы бауға қауын-қарбыз егіліп, суды еселеп үнемдеу мүмкіндігі туып отыр. Бүгін алғашқы өнімі жиналды.

Болатбек Әлиев, кәсіпкер:

- Осы 400 гектардың ішінде 150 гектарына қауын-қарбыз өнімлерін егіп оны жинастыру. Өнімнің көлемі 3 млн келідей болатын шығар деп отырмыз.

Мұндай жобаларды жүзеге асыру Түркістан өңірінің су ресурстарын бөлудің жаңа саясатының арқасында мүмкін болды. Бұған дейін су арналары бойында 80 млн текше метр тіршілік нәрі жерге сіңіп жоғалатын. Бетондау жұмыстарынан кейін бұл мәселе шешімін тапты. Алдағы уақытта өңірде жерасты суларын да тиімді пайдалануға арналған ірі жобалар жүзеге аспақ.

Өмірзақ Шөкеев, облыс әкімі:

- Түркістан төңірегінде былтырдан бері жасыл желек дегенді салып жатырмыз. Азық-түлік желегін салып жатырмыз. Жаңбырлатып суару әдістері шығынның жартысын қайтарады.

Жобаның тағы бір ерекшелігі – студенттерді дуалды оқытуға негізделген. Болашақ мамандар агробизнестің қыр-сырын меңгеріп, қосымша табыс тауып жүр. 

Рахымбек Жолаев, облыстық адам әлеуетін дамыту басқармасының басшысы:

- Түркістан облысында 3 балалар үйі бар. Онда 200-ге жақын балалар тәрбиеленуде. Балаларға осы дәм ауыз тисін деп қауын-қарбыз жөнелтіп жатыр. 

«Түркістан fruit.kz» серіктестігінің басшысы бүгін жиналған 50 тонна қауын-қарбыз қайырымдылық мақсатында өңірдегі мүгедектер мен ардагерлер және балалар үйіне жеткізілетінін атап өтті.

Авторлар: Нұрлан Жақыпбеков, Айтмұхаммед Байділдаев