Қазақстан Өзбекстанның қауын-қарбызын сатып алушы негізгі елге айналды

Қазақстан өзбекстандық қауын мен қарбызды импорттайтын негізгі елге айналды.

Көрші мемлекеттің статистика комитеті берген ақпаратқа сәйкес, жарты жылда Өзбекстан диқандары әлемнің 14 еліне құны 7,4 млн доллар болатын бақша дақылдарын экспорттаған. Сыртқа саудаланған тауар көлемі 22,8 мың тонна болса, соның жартысына жуығын қазақстандықтар сатып алған. Қауын мен қарбыздың экспорты өткен жылмен салыстырғанда 5 есе өскен. Жергілікті диқандар биылғы қуаңшылыққа байланысты бақша маусымы қиындау болғанын айтады. Салдарынан өнім көлемі былтырғыдан аз.

Шерәлі Мұхамадалиев, диқан:

- Биыл бақша маусымы сәл қиындау болды. Былтырғыға қарағанда күн қатты ысыды. Сондықтан өнімділік аздау болды. Қатты шығынға баттық деп айта алмаймын. Өзіміз уақытылы суарып отырғандықтан 1,5 гектар алқаптан үшінші мәрте қарбыз жинап алып отырмыз. Біз өнімді базарларға апармаймыз. Тұтынушыларымыз осы алқаптан келіп алып кетеді. Жуырда Қазақстанға 30 тоннаға жуық қарбыз жөнелттік.