425,75 504.32 5.84
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қ.Тоқаев Оңтүстік Кореяның ірі компаниялары басшыларымен кездесулер өткізді

  • 105
  • UPD: 16:35, 17.08.2021
Қ.Тоқаев Оңтүстік Кореяның ірі компаниялары басшыларымен кездесулер өткізді фото: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Кореяның ірі компаниялары басшыларымен кездесулер өткізді.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

Мемлекет басшысы Оңтүстік Кореяның іскер топ өкілдерімен өткен дөңгелек үстелден кейін осы елдің ірі компанияларының басшыларымен – «Samsung Electronics» компаниясының президенті Ин Ёнг Ли және «Doosan Heavy Industries & Construction» президенті Ёнг Инг Чонгпен екіжақты кездесулер өткізді.

Қазақстан Президенті Ин Ёнг Лимен кездесуде «Samsung Electronics» компаниясының цифрлық инновациялар саласында әлемдегі жетекші орында екенін атап өтіп, цифрландыру, инновация мен ғылым арқылы технологиялық даму туралы мәселелерге тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары «ақылды қалалар» жүйесін енгізу екенін айтып, Қазақстан көлік қатынастарын басқару, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, деректерді қашықтан жіберу технологияларын енгізуге мүдделі деді.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы «Doosan Heavy Industries & Construction» президенті Ёнг Инг Чонгпен кездесіп, Қазақстан экономикасының дамуына қосқан үлесі үшін ризашылығын білдірді.

«Атырау облысында қуаты 310 МВт газтурбиналық электр стансасының құрылысын сәтті жүзеге асқан жоба ретінде атап өткім келеді. Оңтүстік Кореяның жасыл энергетиканы дамытудағы әлемдік көшбасшылардың бірі болуға ұмтылатын, сутегі өндірісінің айтарлықтай үлесі бар жоспары туралы жақсы білеміз. Қазіргі уақытта Кореяның 3 қаласын сутегі энергиясына көшіру жоспарына дайындалып жатырсыздар. Бүгінде Қазақстанда да баламалы энергия көздерін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Біз 2030 жылға қарай баламалы энергияның 30 пайызына қол жеткізуді жоспарлап отырмыз, оның 15 пайызы жаңартылатын энергия көздері болмақ.

Осы мақсатта жуық арада 3-4 гигаватт электр энергиясына жаңартылатын энергия көздерінің жобаларын жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Сондықтан сіздердің ұсыныстарыңыз біз үшін өте пайдалы болады», - деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның энергетикалық жобалардағы көп жылдық тәжірибесі мен біліктілігін ескере отырып, оларды қазақстандық жылу-энергия орталықтарын жаңғырту және «Қарабатан» кешенін кеңейту бойынша ынтымақтастыққа шақырды.

Өз кезегінде, корейлік компания өкілі баламалы энергия көздері бойынша ортақ жобаларда жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

 

Хабар 24 телеарнасы