Қазақстан мен Корея ынтымақтастықты тың қарқынмен жалғастырмақ

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев ресми Сеулге мемлекеттік сапарын аяқтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстан Президенті бұл сапарға ерекше мән беретінін айтқан.

Бұл түсінікті де, «Азия жолбарысы» атанған жоғары технологиялар елімен серіктестікке, кез келген ел мүдделі. Корей экономикасын ғажайыпқа айналдырған алпауыт корпорациялардың жетекшілерімен өткен жиында, құны 1,7 млрд АҚШ доллары болатын, 34 құжатқа қол қойылды.

Байланыс бекемдей түспек, енді Кореяның Пусан қаласында Қазақстанның бас консулдығы ашылатын болды. Бұл сапардың рухани салмағы да аз болған жоқ. Біздің тарап корей халқының батырының сүйегін еліне қайтарса, Сеулде Абайдың ескерткіші ашылды.

Гүлжан Марқабаева, тілші:

- Мемлекеттік сапар дипломатиялық қарым қатынастың ең жоғарғы нүктесі. Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Азиядағы алғашқы мемлекеттік сапарын ресми Сеулден бастады. Бүгін Корей Республикасының президенті Мун Чжэ Ин ұзақ үзілістен соң өз резиденциясында мәртебелі мейманын, қазақстандық әріптесін қарсы алып жатыр.

Көк шатырлы сарай – президент резиденциясы. Корей басшысы Мун Чжи Ин әріптесін әрі құрдасы Қасым-Жомарт Тоқаевты зор құрметпен қарсы алды. Екі президент екі жыл бұрын кездескен. Нұр-Сұлтанда. Айтатын, талқылайтын тақырыптар бар. Мемлекеттік сапармен келу  корей тарапының ұсынысы болатын.

Әр ұлттың өз тарихы бар. Және оны құрметтеу ләзім. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сапарын корей халқы үлкен ыждаһаттықпен күткен. Себебі, осы сапарда қазақстандық тарап корей халқының батыры – Хон Бом Доның сүйегін туған жеріне табыстады. Тағдыры қилы қаһарман өз халқының азаттығын үшін күресті, жапон отаршылдарынан елін азат ету үшін барын салды, қазақтың жеріне қуғындалып, Қызылорданың топырағына жерленді. Енді батырдың рухы туған жерінде байыз табады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мұндай іс-шаралардың тарихи мән-маңызы айрықша. Қазақтар да, корейлер де Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жақсы түсінеді. Хон Бом До – Кореяның азаттығы үшін күрескен бірегей тұлға. Нағыз батыр, шынайы отансүйгіш. Генерал тағдырдың жазуымен өмірінің соңғы жылдарын қазақ жерінде өткізді. Содан бері қанша жыл өтсе де, ата жұртында батырдың ерлігі ұмытылған жоқ. Оны біздің халқымыз да жақсы біледі. Қызылорда қаласында Хон Бом Доның құрметіне мемориал тұрғызылған.

Екі елдің арасы алшақ болғанмен, тағдырлас халықтар. Кезінде Қазақстанға жер аударылған корейлердің ұрпағы бүгінде жүз мыңнан асады. Олар Қазақстанды Отаным деп санайды. Президент бүгін олар тамырынан ажырамай, тілі мен дінін сақтап қалуға Қазақстанда барлық жағдайдың жасалғанын жеткізді.

Мун Чжэ Ин, Оңтүстік Корея Республикасының президенті:

- Корей халқының Қазақстан халқына деген ықылас-пейілі ерекше. Біз үшін Қазақстан Еуразия құрлығының орталығы болып саналады. Біздің халықтарымыздың тарихи байланысы сонау Ұлы Жібек жолынан тартып, кейінгі этникалық корейлерді Қазақстанға жер аударумен жалғасты. Біз Қиыр Шығыстан жер аударылып барған корейлерді өзінің ыстық құшағын жайып қарсы алған қазақ халқының кең пейілдігін ешқашан ұмытпаймыз, алғысымыз шексіз.

Сосын келіссөздер. Қос тарап үстел басына жайғасты да, қарым-қатынастың барлық қалтарысын талқылады. Қос мемлекет бір-бірінен географиялық жағынан алшақ жатса да, алыс-беріс жаман емес. «Таңғы шық елі» Азиядағы сауда серіктестеріміздің ішінде екінші орында тұр. Бұған қоса, Корея Қазақсанға инвестиция салудан именбейтін елдердің бірі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бүгінгі таңда Қазақстанның экономикасына 6 млрд доллардан астам корейлік инвестиция тартылған. Инвестиция тарту ісін бұдан былай да жалғастыра беру керек деп ойлаймын. Мен осыдан екі жыл бұрын өзара байланыстарымызды арттыру үшін ауқымды жоба құру керек екенін Сізге айтқанмын. Қазір Қазақстанда кореялықтар қаржы салған 550 компания жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында Samsung, Hyundai, Lotte, Posko және тағы басқалары бар. Өте жақсы институционалды база қалыптасқан, үкіметаралық комиссия мен іскерлік кеңес жұмыс істеп жатыр.

Мун Чжэ Ин, Оңтүстік Корея Республикасының президенті:

- Қазақстан – Корея Республикасының Орталық Азиядағы ең алғашқы сауда және инвестициялық әріптесі. Елдеріміз арасындағы дипломатиялық байланыстар орнаған 30 жыл ішінде біздің қатынасымыз тек қана достық пен ынтымақтастыққа негізделді. Тіпті пандемия кезінде де біз барлық деңгейде сырттай байланыс орнатып отырдық. Қазақстан Кореяның «Жаңа солтүстік саясат» мемлекеттік стратегиясында аса маңызды әріптес. Біздің өзара ынтымақтастығымыздың әлеуеті бұнымен де бітпейді деп есептеймін.

Қос тарап келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар екіжақты құжатқа қол қойды. Олардың арасында су ресурстарын басқару, мұрағат ісі саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумдар бар. Келіссөздердің қорытындысы бойынша Қазақстан мен Корея «Самал жел» бағдарламасын жандандыруға уағдаласты. Осы арқылы Қазақстанға жаңа инвестиция мен жоғары технологиялар келеді. Сондай-ақ екіжақты ықпалдастыққа тың серпін беру үшін Пусанда Қазақстанның Бас консулдығы ашылмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстанда инновациялық өндірістерге деген сұраныс жоғары. Әсіресе, коммуникация, ауыл шаруашылығы, медицина және фармацевтика жобаларына баса мән береміз. Кореяның тәжірибесі мол, әлеуеті де зор. Осыған орай, бүгін екі елдің компаниялары бірқатар келісімшартқа қол қояды. Қазақстанда әлі де толық игерілмеген салалар көп. Сондықтан қазақ жеріне келуге ынталы корей компаниялары мен кәсіпкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз.

Гүлжан Марқабаева, тілші:

- Сеул қаласының өмірін Хан деп аталатын мына өзен қаққа бөліп тұр. Тура біздің ерке Есіл секілді. Жергілікті халық үшін бұл өзеннің маңызы өте зор. Тіпті тұтас Оңтүстік Корея елінің экономикалық табысы Хан өзеніндегі ғажайып деген ортақ атауға ие болыпты. Бүгін сол корей ғажайыбының қатысушылары мен қазақстандық кәсіпкерлер бір үстел басына жиналды.

Бекнұр Несіпбаев, «Astana Motors» компаниясының бас директоры:

- Біз өткен жылы 600 машина шығардық. Бүгін меморандумға қол қоямыз.

Сон Дон Су, кәсіпкер:

- Біз өз өндірісімізде никельді қолданамыз. Біз бүгін қазақстандық компаниямен экспорт аясында никельді және басқа да пайдалы қазбаларды тасымалдау жөніндегі келісімге келдік. Серіктестіктің әлеуеті зор. Эпидахуал тұрақтанған тұста, ортақ жобалар одан сайын көбейе түседі деп ойлаймын.

Қазақстан мен Корея автомобиль жасау, тұрғын үй құрылысы, металлургия және ауыл шаруашылығы сияқты салаларда жалпы құны 1,5 миллард доллардан асатын 16 инвестициялық жобаны іске асырмақ. Қасым-Жомарт Тоқаев корейлік кәсіпкерлерді Қазақстанда 5G жобаларын жүзеге асыруға, Қазақстанның жер қойнауын бірлесіп игеруге шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз компьютерлік техника, желілік жабдықтар, деректерді өңдеу орталықтары бойынша бірлескен өндірістік жобалар ашуға мүдделіміз. Қазақстан 5G желісін өрістету бағытында жұмыс істеп жатыр. Ірі қалаларда алғашқы сынақтар өткізілді. Корея компанияларын елімізде 5G жобаларын іске асыру үдерісіне қатысуға шақырамын.

Сапар аясында қазақ-корей достығын нығайта түсетін тағы бір маңызды шара өтті. Сеулдегі жетекші университетте қазақтың ұлы ақыны Абайдың ескерткіші ашылды. Абай ескерткіші – екі ел мүсіншілерінің ортақ еңбегі. Ескерткіштің жобасы Қазақстанда дайындалып, тұтас мүсіні Корея жерінде қоладан құйылып жасалды. Қазақтың бас ақыны Абайды насихаттау Кореяда кемшін түсіп жатқан жоқ. Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында оның шығармасы корей тіліне аударылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Абай мұрасы – біздің елімізге ғана емес, барша адамзатқа ортақ құндылық. Дала данышпанының «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» деген сөзі бар. Бұл қасиеттерді корей халқы да ерекше бағалайтынын білеміз. Осы құндылықтардың арқасында қазіргі таңда Корея Республикасы озық дамыған мемлекеттердің қатарына қосылып отыр.

Ақынның сөзі, данышпанның өсиеті ортақ. Абайды оқитындар мұнда да аз емес. Солардың бірі – Гим Джун Гё. Қазақша аты – Ілияс. Хангук шет тілдер университетінің студенті, Абайдың өсиетін оқиды, әнін шырқайды. Өзі тұратын Сеулде ақынның ескерткішін ашу маңызды оқиға деп санайды.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті мемлекеттік сапары барысында Сеулдегі «Отан үшін шейіт болғандар» монументіне барып, гүл қойды. Боздақтар рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен еске алды. Бұдан кейін Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.

Азия жолбарысы, жоғары технологиялар мен алып корпорациялар елі. Оңтүстік Корея жайында айтқанда осы теңеулердің қайсібірімен де оңай келісуге болады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сеулге сапарының күн тәртібі өте ауқымды болды. Бүгін Президент алғашқы кездесуін таңғы сегізде бастаған, кешкі сегізде аяқтады. Яғни, 12 сағат, оннан астам іс-шара. Бәрі маңызды. Себебі, бұл мемлекеттің дәл біз үйренетін тұстары көп екен...